Заңгерлерден құрылған «Адал сайлау үшін» штабы жұмысын аяқтады
Бұл туралы «Қазақстан заңгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінде өткен брифинг барысында одақ төрағасы, заңгер Серік Ақылбай мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қыркүйек айында «Қазақстан заңгерлер одағының» жанынан «Адал сайлау үшін» деген атаумен штаб құрдық. Осы 40 күннің ішінде 40-тан астам кездесу ұйымдастырдық. Штабтың өкілдері Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Алматы, Қарағанды өңірлерін аралады. Біздің негізгі мақсатымыз – халқымыздың құқықтық сауатын ашып, оның ішінде сайлау туралы заңға қатысты ақпараттандыру, түсіндіру. Конституциялық реформа ережелерін жария өрісте заң қоғамдастығының құқықтық сүйемелдеуі, сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау. Сонымен қатар Президенттің кейбір Конституциялық заңдары туралы түсініктеме бердік. Штабымыздан жеті мүше, ал республика аумағынан 120 заңгер мүшелік етті, - деп атап өтті штаб басшысы, заңгер Серік Ақылбай.
Айтуынша, көптеген өңірде штабтың филиалдары құрылған.
Көптеген офлайн және онлайн форматта жиындар ұйымдастырдық. Азаматтарды құқықтық тұрғыдан хабардар етіп, барлық сұрақтарына жауап беру бойынша негізгі міндетімізді орындадық. Біз ешкімге үгіт-насихат жүргізбедік. Тек заңдарды, жаңадан енгізілген Конституциялық заңдарды түсіндірдік. «Жаңа Қазақстанды» құрамын десеңіздер, сайлауға қатысыңыздар» деген үндеуіміз болғанын жасырмаймын, - деді Серік Ақылбай.