Заңгер: Жаңа Конституцияның жобасы – мемлекет пен қоғамды нығайтудың айқын көрсеткіші
Конституциялық реформа жүргізу және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау идеясы 2022 жылдан бері елімізде басталған жаңғырудың соңғы нүктесін қоятын маңызды қадам, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай пікірді заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасулов айтты.
Конституциялық реформа жүргізу және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау идеясы 2022 жылдан бері елімізде басталған қоғам мен мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-рухани салаларындағы түбегейлі өзгерістердің жалғасы әрі сол жаңғырудың конституциялық-құқықтық тұрғыдан соңғы нүктесін қоятын маңызды кезең болып саналады. Осы кезеңде құқықтық жүйені, сондай-ақ мемлекет пен қоғам өмірінің тұтас құрылымын жаңғыртуға бағытталған батыл қадамдар жасалды. Алайда құқықтық реттеудің тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекеттің қаңқасын — оның мемлекеттік және қоғамдық институттарын құрылымдық-функционалдық тұрғыдан өзгертуді көздейтін қосымша шаралар қажет болды, - деп атап өтті профессор.
Сонымен қатар ол Құрылтайдың құрылуына қатысты өз пікірін ортаға салды.
Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган — бірпалаталы Құрылтайға көшу, халық мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган — Халық Кеңесін (Қазақстанның Халық Кеңесі) құру – уақыт талабы, әрі Ұлы Даланың мыңжылдық тарихынан бастау алатын рухани мұраны қайта жаңғырту. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі күшейту, азаматтарға жаңа міндет жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңнамалық актілерге кері күш беруге тыйым салатын конституциялық негіз қалыптастыру, адвокатура туралы нормалар және басқа да конституциялық құқыққорғау шаралары құқықтық әрі демократиялық мемлекетті нығайту тұрғысынан тағдырлы маңызға ие, - деді Ермек Әбдірасулов.
Пайымдауынша, Жаңа Конституция жобасы – Заң мен Тәртіп идеясына сүйенген Әділетті Қазақстанды құру жолында Қазақстан Республикасының эволюциялық, креативті, кезең-кезеңімен ілгері дамуының айқын көрсеткіші.
Еске салайық, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.