Заңгер ойын бизнесі мен лотереяға қатысты заңға пікір білдірді

Кеше ғана Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды. Жаңа заң нормаларын заңгер Жамаладен Ибрагимов түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл заң біздің елдегі ойын бизнесі және лотерея қызметтеріне қатысты қоғамдық қатынастарды реттеуге арналған. Бұл заңның басты нормаларына тоқталып өтетін болсақ, бірінші норма – мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін және әскери қызметшілердің бәс тігуге, ойын бизнесіне араласуына толық тыйым салу нормасы. Екінші норма – тұрғын үйлер, денсаулық сақтау мекемелері, діни ғибадат жасайтын орындардың 100 метр радиусында мұндай мекемелердің болмауына қатысты тыйым салатын нормалардың болуы, - деді заңгер.

Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, аталған нормалардың іске асуы құқық қорғау органдарының қызметіне тәуелді.

Әрине, бұл нормалардың заңға енгізілуі іс жүзінде құқық қорғау органдары толыққанды жүзеге асыратын болса, өте қажетті және тиімді деп ойлаймыз. Өйткені болашақ ұрпағымыз жастардың тағдырына балта шаппаймыз десек, мұндай білім беру мекемелері, адамның денсаулық сақтау ұйымдарына және әлеуметтік функцияларды атқаратын мынау діни ғибадат жасайтын ұйымдардың жанында мұндай ойын бизнесіне, лотерея қызметіне қатысты ғимараттардың, жарнамалардың болмауы, әрине, біздің мемлекетке қажет нормалар, - деді ол.

Заңгер болашақта заңнамада ойын бизнесі және лотерея қызметтеріне қатысты түбегейлі тыйым салатын нормалар пайда болуы мүмкін екенін айтты.

Жалпы біздің қазақ халқында “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” деген сөз бар. Сондықтан да бұл ойын бизнесіне, лотерея қызметіне байланысты өзінің тұла бойында жігері жоқ азаматтар араласып жатса, олар өздерінің қоғамдағы, отбасындағы рөлін қиянат, қасірет келтіретін әрекет ретінде бұны мойындамай, ол әрекетке баратын болса, әрине, мұндайда біздің мемлекетте қабылданатын заңдардың, заңдардағы нормалардың рөлі өте керек деп ойлаймыз. Жалпы болашақта орта және кіші бизнеске қолдау көрсете отырып, біздің қазақ қоғамына, қазақ болмысына жат мұндай нәрселерді болашақтағы заңнамаларда түбегейлі тыйым салатын нормалардың да кездесіп қалуы мүмкін, - деді Жамаладен Ибрагимов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: рixabay.com
Өзгелердің жаңалығы