Заңгер: Конституция қоғаммен бірге өзгеруі керек

Заңгер Марғұлан Ермағанбет BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жаңа Конституцияның жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қоғамда жаңа Конституцияға байланысты түрлі көзқарас айтылып жатыр. Бірі қолдайды, бірі күмәнмен қарайды. Заңгердің айтуынша, мұндай пікір алуандығы – қалыпты жағдай. Себебі әңгіме елдің құқықтық болашағын айқындайтын негізгі заң туралы болып отыр.

Марғұлан Ермағанбет Президент көтерген «Заң мен тәртіп» идеологиясына да тоқталды. Оның сөзінше, соңғы жылдары мемлекет құқық үстемдігін нығайту, заңның нақты орындалуын қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды қадам жасап келеді. Дегенмен заңгер бір мәселені ашық айтты: қоғамдағы құқықтық сана әлі де әлсіз.

Көп жағдайда адамдар өз құқығын білмейді. Қайда жүгінуді, қалай қорғануды түсінбейді. Соның салдарынан алаяқтардың арбауына түсіп, соңында заң алдында әлсіз болып қалады, – дейді ол.

Сұхбат барысында заңгер жаңа Конституцияның қазіргі нұсқасы соңғы әрі өзгермейтін құжат емес екенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл – уақыт талабына сай жасалған нұсқа. Әлем де, қоғам да өзгеріп жатыр. Сол өзгерістер заңда ескерілмей қалмауы керек.

Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше басымдық берілген. Соның ең айқын дәлелі – өлім жазасының толықтай алынып тасталуы. Заңгер мұны мемлекеттің гуманистік бағыттағы маңызды шешімі ретінде бағалайды.

Сонымен қатар Марғұлан Ермағанбет қоғамда ең көп талқыланып, дау тудырған нормалардың бірі – 9-бапқа арнайы тоқталды. Бұл бапқа қатысты пікірлер сан алуан. Бірі оны қолдайды, енді бірі қауіп көреді. Заңгердің айтуынша, дәл осы норма әлі де терең әрі ашық талқылауды қажет етеді.

Конституция – бір күнде қабылданып, біржола жабылатын құжат емес. Ол қоғаммен бірге өмір сүруі керек. Сондықтан да мұндай баптар ашық талқылануы тиіс, – деді заңгер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы