Бүгiн 2026, 11:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Заңгер азаматтардың құқығы қалай бұзылып жатқанын айтты

Егер заңда “депозит” деп көрсетілсе, оны өз бетінше “алдын ала төлем” деп түсіндіру дұрыс емес.

Заңгер Аржан Сәдуақас тұтынушылардан алдын ала алынатын төлемдерге қатысты заң талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маманның сөзінше, заңнамада “алдын ала төлем” ұғымы барлық жерде бірдей қолданылмайды. Негізінен көп жағдайда “депозит” термині пайдаланылады. Бірақ “депозит” түсінігі Қазақстан заңдарына сәйкес банк саласына тән ұғым.

Егер заңда “депозит” деп көрсетілсе, оны өз бетінше “алдын ала төлем” деп түсіндіру дұрыс емес. Заң қалай жазылса, ол солай оқылады, оған өзге түсіндірме берілмейді, - деп айтты заңгер.

Сондай-ақ заңгер Сәдуақас қызмет көрсетуші кәсіпкерлердің алдын ала төлемді немесе депозитті қайтармау әрекеті заңсыз екенін қоса кетті.

Мысалы, тұтынушы белгілі бір орынды брондап, бірақ кейін келе алмаса, “ақша қайтарылмайды” деген талап заңға қайшы. Мұндай жағдайда кәсіпкер қаражатты қайтаруға міндетті. Өйткені заңда ақшаны ұстап қалу қарастырылмаған, - дейді Аржан Сәдуақас.

Оның айтуынша, бұл талап барлық қызмет көрсету саласына ортақ. Яғни мейрамханалар, қонақ үйлер және басқа да кәсіпкерлік нысандар алдын ала төлемді немесе депозитті қайтармауға құқы жоқ.

Дегенмен, заңгер негізгі мәселе тек төлемде емес, тұтынушылар құқығын қорғау ісінің баяу жүруінде екенін айтады. Көп жағдайда азаматтар аз көлемдегі шығын үшін сотқа жүгінгісі келмейді.

Азаматтар 20-50 мың теңге үшін соттасудан бас тартады. Соның салдарынан құқық бұзушылықтар назардан тыс қалып, мәселе жай әңгіме деңгейінде ғана қалады, - деп айтты адвокат.