Заңға қайшы 5700-ден астам интернет-ресурс бұғатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда заңға қайшы келетін 5700-ден астам интернет-ресурс бұғатталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Біз Интернет желісіне заңға қарсы іс-әрекеттерді, балаларды азғыру, суицидтік ойындар, бұзушылықтар мен қатыгездікке шақыру және жалған ақпаратты таратумен байланысты ақпаратты анықтау бойынша үнемі талдау жүргізіп отырамыз. Жыл басынан бері 7300 шетелдік интернет-ресурстар анықталды, оның ішінде порнография, есірткі қылмысы, интернет-казино қызметі, қаржы пирамидалары және басқа да алаяқтық схемалар, қатыгездік пен суицидті насихаттау, қару-жарақ сату және басқалары бар. Олардың мәліметтері Қазақстан аумағынан кіруді бұғаттау үшін кибербақылаудың ақпараттық жүйесіне енгізілген. Қазіргі уақытта 5 736 ресурс бұғатталды, қалғандары тексеру сатысында тұр, - деді ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаментінің киберқылмыспен күрес орталығы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев Мәжіліс комитетінің отырысында.
Ол балалар мен кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды анықтауға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Бірнеше мысал келтірейін. 2020 жылы мониторинг барысында біз кәмелетке толмаған қазақстандықтарға қатысты суицидтік сипаттағы топ туралы ақпарат алдық. Жедел-іздестіру нәтижесінде әлеуметтік желілерде осындай топтар құрған Арыс қаласының тұрғыны ұсталды. Осылайша «Жасыл мысық» ойынындағы 21 тапсырманы орындау керек болған. Соңғы тапсырма зиянды сұйықтықтарды қолдану, биік ғимараттан секіру және т.б. арқылы суицид жасау болған. Ойын салдарынан ШҚО-ның 14 жастағы тұрғыны зардап шеккен. Қылмыс анықталған кезде ол 14 тапсырманы орындаған еді. Осы жылдың наурыз айында аудандық сот күдіктіні 4 жылға бас бостандығынан айырды, - деді Рүстем Дүйсетаев.