16 Сәуір 2026, 11:39 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

“Заңды заң үшін қабылдаудың қажеті жоқ”: Ата-аналар жаңа құжатты қайтаруды талап етті

Мәжілісте сөз сөйлеген қоғамдық ұйым өкілі құжат жүйелі проблемаларды шешпейтінін айтып, нақты ұсыныстарын жария етті.

Мәжілісте талқыланып жатқан “Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы” заң жобасы қоғам өкілдерінің қатаң сынына ұшырады. Тақырыптық отырыста сөз сөйлеген “Ерекше балалар ата-аналарының одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рауан Сағадиева құжаттың қазіргі нұсқасы жүйелі өзгеріс әкелмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, ата-аналар қауымдастығы заңның өзін емес, оның мазмұнын қолдайды.

Біз кешенді қолдау идеясын толық қолдаймыз. Бірақ ұсынылған заң жобасы нақты нәтиже бермей, формалды өзгерістермен шектелуі мүмкін, – деді Рауан Сағадиева.

“Форма өзгеріп, мазмұн өзгермейді”

Қоғамдық ұйым өкілі заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – ПМПК жүйесін жаңа құрылыммен алмастыру бастамасына күмән келтірді.

Егер мазмұн өзгермесе, форманы өзгертудің қажеті жоқ. Қолданыстағы заңнамада бұл жүйенің негізі бар, – деді ол.

Сағадиева ПМПК-ны жою емес, оның жұмысын реформалау қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, бір реттік диагностикадан бас тартып, баланы бүкіл оқу кезеңінде сүйемелдейтін жүйеге көшу ұсынылды.

Қазір жүйе баланы тек анықтап, әрі қарай жіберіп қояды. Көп жағдайда бала жүйеден шығып қалады, – деді ол.

“Бірде-бір жауапты орган жоқ”

Спикердің айтуынша, заң жобасында кешенді қолдау туралы айтылғанымен, нақты механизмдер қарастырылмаған.

Атап айтқанда, баланың бірыңғай маршруты жоқ, ведомстволар арасындағы өзара әрекет нақты реттелмеген, нәтижеге жауапты орган белгіленбеген және бірыңғай цифрлық база қарастырылмаған.

Кешенділік туралы айтамыз, бірақ ол іс жүзінде жоқ. Жүйе бытыраңқы, – деді ұйым басшысы.

Сағадиева “мүмкіндігі шектеулі балалар” терминін заңда бекітуге қарсы екенін айтты.

Бұл ұғым баланы шектеу арқылы сипаттайды және стигматизацияны күшейтеді, – деді ол.

Оның сөзінше, қазіргі заңнаманың өзінде қайшылық бар: бір заңда “мүмкіндігі шектеулі”, ал екіншісінде “ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар” деген термин қолданылады.

Қоғамдық ұйым өкілі дамыған елдердегі тәжірибені мысалға келтірді. Оның айтуынша, мысалы, Шотландияда бала тек бағаланбайды, оған тұрақты түрде қолдау көрсетіліп, жағдайы қайта қаралып отырады.

Жүйе баланы бағалап қана қоймай, толық сүйемелдеуі керек, – деді ол.

Сағадиева түзету және оңалту орталықтарын лицензиялау бастамасын қолдайтынын, бірақ оның формалды сипатта болмауын талап етті.

Қазір лицензия көбіне құжаттарды тексереді. Ал бастысы – баламен не болып жатқаны, – деді ол.

Осыған байланысты қоғамдық ұйым аккредитация жүйесін енгізуді ұсынды. Онда маманның жұмыс әдістері, баланың қауіпсіздігі және құқықтарының қорғалуы бағалануы тиіс.

Жиын соңында ұйым өкілдері заң жобасын қазіргі нұсқасында қабылдауға қарсы екенін ашық мәлімдеді.

Біз заңға қарсы емеспіз. Біз жұмыс істейтін заңды қолдаймыз. Заңды заң үшін қабылдаудың қажеті жоқ, – деді Рауан Сағадиева.

Олар құжатты кері қайтарып, жаңа нұсқасын ғылыми зерттеулер негізінде, қолданыстағы заңнаманы ескере отырып, халықаралық тәжірибеге сүйеніп, сарапшылар мен практиктердің қатысуымен әзірлеуді ұсынды.