Заңды айналып өтудің жақсы амалын тапқан. Заңгер жергілікті атқарушы органдар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында «Bazarbek & Partners» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, заңгер, жер құқығының сарапшысы Бақытжан Базарбек жерді пайдаланудағы негізгі мәселелерді атады.

Бұл жерде ең маңызды деген жер мәселелерін қарастырып отырмыз. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің рөлін байқап отырмын. Бізде өзекті мәселелер өте көп. Оның бірі – жер құқықтық қатынастағы сыбайлас жемқорлық, - деді ол.

Жер Кодексінің 97-бабына 2018 жылы өзгерістер енгізгенбіз. Өзгерістерге сәйкес «шаруа-ферма қожалығынан жеке тұрғын үй құрылысы және жеке қосалқы үй шаруашылығына жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға тыйым салынған» деген норма Жер Кодексінің 91-бабының 3-тармағына енгізілді.

Бұл норма жұмыс істеп жатыр. Бірақ іс жүзінде аудандық деңгейде жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер ауыл шаруашылық жерлерді тұрғын үй салу үшін 97-бапты айналып өтудің жақсы амалын тапқан. Ол шаруа-ферма қожалығынан саяжай құрылысы және бағбандыққа айналдыру. Жер Кодексінің 97-бабының 3-тармағына сәйкес шаруа-ферма қожалығынан бағбандыққа, саяжай құрылысына жердің нысаналы бағытын ауыстыруға тыйым салынбаған. Жергілікті атқару органдары осы Жер Кодексінің олқы жерлерін пайдаланып, қазір Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының маңында мыңдаған ауыл шаруашылық алқабын тұрғын үйге, саяжай құрылысына, бағбандыққа жердің мақсаты ауыстырылып отыр, - деп айтты сарапшы.

Ол осы комиссияның отырысы аясында Жер Кодексінің 97-бабының 3-тармағына өзгерістер енгізіп, жердің нысаналы мақсатын ауыстыруды тоқтату туралы норманы ұсынды.

Көптеген ауыл шаруашылық жері колхоз, совхоздардан қалған халқымыздың жерлері. Қаншама халық жерсіз қалып отыр. Олар 2005 жылы тиісті пайларын ЖШС, АҚ-ға енгізуілері керек еді. Көп азамат үлгерсе, көбі үлгермей қалды. Үлгергендері пайларын ЖШС-лерге беріп жіберген, екі ортада шартты жер үлестерінен құрылған уақытша пайдалануға берілген жерлері қазір банкке кепілге қойылған. Жер Кодексінің 97, не 98, не 100-баптарында ондай нормалар жоқ, - деп атап өтті Бақытжан Базарбек.

Заңгер шартты жер үлесінен құрылған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді банкке кепілге қоюға тыйым салу туралы норманы ұсынды. 

Оның сөзінше, бұл Жер Кодексінің 97 не 100-бабында ашық, айқын көрініс табуы тиіс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы