“Заңдағы олқылық жойылды”. Депутат көші-қон заңына қатысты пікір білдірді
Сенат депутаты Аменгелді Толамисов көші-қон мәселелері жөніндегі заңға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл заңның негізгі мақсаты - халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнамаларды жетілдіру. Сондай-ақ көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеулерді және оның тетіктерін жетілдіру, азаматтардың төтенше жағдай кезіндегі құқықтарын қамтамасыз ету және заңнамада болған олқылықтарды жоюға бағытталған, – деді сенатор.
Толамисов заңда қандай мәселелер қарастырылғанына тоқталды:
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу;
- экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу;
- көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
- егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайларда пайдалану мәселесін реттеу. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылатын болады;
- қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізілді.
Ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы енгізіліп отыр, – деді сенатор.
Еске сала кетсек, бірер күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойды.