Бүгiн 2026, 10:20 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Заңда жануарларды “ату” туралы норма жоқ: Жаңбыршин ұғым бұрмаланғанын мәлімдеді

Заң мәтінінде эвтаназия туралы айтылғанымен, қоғамда бұл мәселе басқаша түсіндіріліп жатыр.

Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин бұралқы жануарларға қатысты заң жобасы төңірегіндегі талқылауға пікір білдіріп, құжатта жануарларды атып жою қарастырылмағанын айтты. Оның сөзінше, ақпараттық кеңістікте ұғымдар әдейі бұрмаланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, заң мәтінінде эвтаназия туралы айтылғанымен, қоғамда бұл мәселе басқаша түсіндіріліп жатыр.

Заңда мұндай норма жоқ. Егер мәтінді мұқият оқысаңыздар, онда эвтаназия туралы жазылған. Ал тақырыптарда жануарларды атып жою туралы айтылып жүр. Бұл — манипуляция және ұғымдарды бұрмалау. Біз заңға және сарапшылар пікіріне сүйенуіміз керек, – деді Жанбыршин.

Ол Қазақстан бұл мәселе бойынша 40-тан астам елдің халықаралық тәжірибесін зерттегенін атап өтті. Депутаттың сөзінше, көптеген мемлекеттерде қайтарымсыз аулау және кейін эвтаназия жасау тәжірибесі қолданылады.

Біз тек Нидерландыны ғана емес, 40-тан астам елді зерттедік. Көпшілігінде қайтарымсыз аулау және эвтаназия қолданылады. Бұл - АҚШ, Жапония, сондай-ақ Финляндия, Норвегия және Балтық елдерінің тәжірибесі, - деді ол.

Сонымен қатар Жанбыршин аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және қайта жіберу моделін сынға алып, оның бірқатар елдерде тиімділігі төмен екенін айтты.

Аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және қайта жіберу моделі қолданатын елдерде күрделі мәселелер бар. Мысалы, Түркия бұл модельден бас тартып жатыр. Үндістанда құтыру дерті кең таралған елдердің бірі саналады. Біз ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек, - деді депутат.

Ол сондай-ақ бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін талдаудың маңызын атап өтті.

Жануарларды ұстауға бөлінетін қаржының қалай жұмсалып жатқанын зерттеу қажет. Бұл - қомақты қаражат. Тендерлердің өтуіне, панажайлардың және аулаумен айналысқан ұйымдардың жұмысына қатысты сұрақтар бар. Мұның бәрі тексеруді қажет етеді, - деді Жанбыршин.

Депутаттың айтуынша, 2021 жылы заң қабылданғанда елдегі жағдайға жеткілікті талдау жасалмаған, әрі бүгінге дейін түрлі тәсілдердің тиімділігін бағалайтын нақты критерийлер жоқ.

Қазір аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және қайта жіберу моделі бойынша нақты критерийлер мен хаттамалар жоқ. Бұл модель нақты нәтиже берген елдерді көрсетсін. Бірқатар мемлекетте ол қаңғыбас жануарлар санын азайта алмады. Сондықтан оны әмбебап шешім деуге болмайды, - деп айтты ол.