“Заңда бизнес, премиум үй деген түсінік жоқ”. Тұрғын үйдегі паркингтің жетіспеуі кімнің кінәсі?
Қазақстанда тұрғын үйлерге қатысты заңда эконом, премиум, комфорт не бизнес деген түсінік жоқ.
Таяуда Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан үш бала көз жұмды. Әлеуметтік желіде көліктердің бірі жолда тұрып қалғандықтан өртсөндірушілер өте алмаған деген нұсқа айтылған болатын. Артынша кедергі жасаған көліктің иесі жазаланды. Алайда желі қолданушылары тұрғын үйлерде паркинг жетіспейтінін, салдарынан жүргізушілер көліктерін аулаға қоюға мәжбүр екенін жазды.
ЖСДП-ның Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында тұрғын үйлердегі паркинг оның қай класқа жататынына байланысты салынатынын айтты. Алайда құжат бойынша жерасты паркингі тұрса да, іс жүзінде құрылыс компаниялары көлік қоятын жеке жер салмайтын жағдайлар көптеп болып жатады. Осы орайда Талғат Омаров елдегі тұрғын үйлер қандай заңбұзушылықпен салынып жатқанын түсіндірді.
Заң не дейді?
Омаровтың сөзінше, Қазақстанда тұрғын үйлерге қатысты заңда эконом, премиум, комфорт не бизнес деген түсінік жоқ. Яғни сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер Қазақстан республикасының ережелер жинағында (ҚР ЕЖ 3.02-101-2012) төрт классқа бөлген.
I кластағы үйлерде әр пәтерге 2 паркингтен бөлінуі керек болса, II класс – 1 паркинг, III класс – 100 м²-ге 1 орын, ал IV класс – минимум орын қарастырылуы керек.
Нарықта IV кластағы үйлерді бизнес класс элементтерімен деп салады. Неге IV класс? Себебі бұл үйлер паркингпен қамтамасыз етілмейді. Мысалы былтыр сату бөлімдерінің біріне кіріп, қанша пәтер барын сұрадым. 360 пәтер бар деді. Ал қанша паркинг орны барын сұрап едім 33 деді. Сонда қалған 327 пәтердің көліктері қайда тұруы керек? “Былай-былай қояды ғой” деп жауап берді. Ал олар амалсыз үйдің жанына қояды. Сол себепті өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері жедел жете алмай жатады, - дейді Омаров.
Кінә кімнен?
Талғат Омаровтың сөзінше, бұл мәселеге жергілікті әкімдік пен сәулет басқармасы жауапты.
Неге бас жоспарды құрған кезде ол өзімен-өзі бетімен кетеді? Ал құрылысқа келген кезде не салғысы келсе, соны салады. Мысалы Астанада “Рио-де-Жанейро 2” деген тұрғын үй бар. Ол жерде төрт қабатты паркингтің орнына 12 қабатты үй салған. Жалпы 200 пәтер бар десек, демек олар қанша ақша ұтып отыр? Ал егер паркинг салар болса, оны әрі кетсе 3 миллионға сатады. Сондықтан құрылыс компаниялары паркинг емес, оны пәтер қылып сатқан артық деп шешеді, - дейді Омаров.
Тағы бір нұсқа бойынша, паркингтің орнына коммерциялық нысандар салынып кетуі мүмкін.
Ал коммерциялық нысанның бағасы пәтерден екі есе қымбат болады. Мысалы пәтердің шаршы метрін 480-500 мыңға сатып алар болсаңыз, коммерциялық нысанды 1 миллионнан аса ақшаға сатылады. Сондықтан құрылыс компанияларына паркинг салғаннан гөрі, коммерциялық нысан салып сатқан тиімді, - дейді Талғат Омаров.
Көлік қоятын арнайы орынның аз болуының тағы бір себептерінің бірі – бір адам паркингтегі бірнеше орынды бір-ақ сатып алуы мүмкін.
Ол адам сосын ол жерге көлік жуатын жер ашуы мүмкін. Бірақ ол заңсыз. Немесе автосалон ашуы мүмкін. Ал сол уақытта басқа адамдардың көліктері сыртта, елге кедергі жасап тұрады, - дейді Омаров.
Ол жақында Астанада болған оқиғаны мысалға келтерді.
Біреу көлігін қойып кеткен жүргізушіні кінәлады. Енді бірі мүлік иелерінің бірлестігі басшысын (ОСИ) соттау керек деді. Бірақ олар да сол үйдің тұрғыны, олар не істей алады? Бұл тұста мәселеге тереңінен қарау керек. Неге сол үйді қай санаттағы үй екенін сатқан кезде көрсетпейді? Бірде-бір құрылыс компания бұл бірінші немесе екінші кластағы үй деп айтпайды. Бәрі эконом, бизнес, комфорт деген ұғымды пайдаланады. Алайда мұндай ұғымдар заңда жоқ. Ертең сотқа барып шағымданатын болса, қағаз жүзінде “премиум” санаттағы үй алдым деп дәлелдей алмайды. Бұл тұста алаяқтық толып жатыр, - дейді Талғат Омаров.
Ол мұндай жағдайларды прокуратура, антикор тексеріп, әшкерелеуі керегін айтады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы қайда қарап отыр? Неге үйдің класын көрсетпейді? Неліктен IV кластағы үйді салуға рұқсат береді? Бұл кластағы үйлерге паркинг орны өте аз беріледі, - дейді маман.
“Бәріне президент жүгіруі керек пе?”
Талғат Омаров бұл мәселенің бәрін жергілікті органдар қадағалауы керегін айтады.
Неге жергілікті органдар өз жұмысын істемейді? Істей алмаса орнын босатсын. Жалақы аз десе кетсін, басқа адам табылады. Халыққа қалай қызмет істесем екен деп жалындап тұрған жастар көп. Заңда көрсетілген нәрсені орындасын. Ал жергілікті органның міндеті – заңды орындату. IV санаттағы үйлерді салуға рұқсат бермеу керек, - дейді ол.
Талғат Омаровтың сөзінше, құрылысшылар немқұрайлы қарағандықтан, оған қадағалау болмағандықтан мемлекет шығынға батып, кей жағдайда адам шығыны да болып жатыр.
Біреулер мүлік иелерінің бірлестігі басшысын соттау керек, солар дұрыс жұмыс істемей отыр дейді. Біз сапасыз жұмыс істеген мердігер, басшыларды соттауымыз керек. Олардың жұмысын неге әкімдік қадағаламаған? Екі ортада жемқорлық бар-жоғын қадағалау керек, - деп түйіндеді Талғат Омаров.
Айта кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.
Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.
Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.
Сондай-ақ, дәрігерлер үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр екенін айтты.
Одан кейін қайғылы сәттің куәгері болған әйел өрт басталған бетте түн ішінде қалай оянғанын баяндады.
Өрт болған тұрғын үйдегі қақпаның алдына көлігін қойған жүргізуші жазаланды.
Астанадағы қайғылы өрт тек бір отбасының трагедиясы ғана емес, елдегі өрт қауіпсіздігі жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетті. Осы оқиғадан кейін Мәжіліс депутаттары мәселені көтеріп, дабыл қағып, қатаң шара ұсынды.