Заң және тәртіп: Жастардың болашағына ықпалы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде "Заң және тәртіп" қағидаты аясында маңызды кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысының әкімдігінің мәлімдеуінше, іс-шараға Ақтөбе облысы бойынша Әділет департаменті өкілдері, сот орындаушысы, адвокаттар мен заңгерлер қатысты. Кездесуге қатысқан 700-ден астам студент заң ғылымы мен құқық тәртібі туралы тереңірек білім алып, пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Іс-шараның басты мақсаты – студенттерді Қазақстандағы заңдарды қолдану тәжірибесімен таныстыру, сот төрелігі институттарының өзара әрекеттесуін түсіндіру және құқықтық сауаттылықты арттыру. Құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптары мен тәртіп мәселелері де талқыланып, нақты практикалық кеңестер берілді.

Ақтөбе облысы Әділет департаментінің Зиякерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Тимур Убишев құқық бұзушылықтың алдын алу және онымен күресудің жолдары туралы баяндап, заң мен тәртіпті орнатуда мәдениеттің және тәрбиенің маңызына тоқталды. Ол жастардың құқықтық санасының жоғары болуы еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина бұл тақырыптың өте өзекті екенін айтты. Оның пікірінше, заң мен тәртіп қоғамның қауіпсіздігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін маңызды негіздер болып табылады.

Құқық дегеніміз – ережелердің жиынтығы. Біздің бірлесіп өмір сүруіміз осы ережелермен тығыз байланысты. Бұл ережелерді орындау және сақтау – құқықтық тәртіптің негізі. Заңдар қажеттіліктен туындайды және сол заңдарға сәйкес өміріміздің әрбір саласы ұйымдастырылған. Болашақ көшбасшылар мен мамандар болып табылатын студенттердің құқықтық тәртіптің құндылығын және заңнаманың олардың өміріне әсерін түсінуі өте маңызды, - деді Аққалқа Байдуллина.

Іс-шараға қатысқан Ақтөбе облысының нотариаттық палатасының мүшесі Лиза Андақұлова, жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының мүшесі Динара Хамзина және адвокаттар алқасының мүшесі Даурен Алданиясов құқықтық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және заңға бағынудың маңыздылығын түсіндірді.

Кездесу барысында студенттер сұрақтар қойып, құқық саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға белсене қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы