Заң шығару ісінде жасанды интеллектіні қолдану мәселесі талқыланды
Сенаторлар мен сарапшылар заң шығару ісінде жасанды интеллектіні қолдану мәселесін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еліміздегі сарапшылар қауымдастығының және мемлекеттік органдардың өкілдері заң шығару қызметіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін талқылап, осы саладағы бірлескен жұмыстың бағыттарына назар аударды. Аталған жиын бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ахуалдық орталығында өтті.
Палата Спикері өз сөзінде реформалардың тиімділігі және оларды дұрыс іске асыру көбіне заңнаманың сапасына байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жаңа формациядағы заңдар дайындауға ғылыми-сараптамалық қоғамдастықты жұмылдырудың және оңтайлы заңнамалық шешімдер қабылдауға заманауи технологияларды қолданудың маңызы зор екенін айтты. Бұл ретте бүгінде түрлі салада айтулы нәтижелерге қол жеткізіп отырған жасанды интеллект тиімді тетік бола алады.
Сенат төрағасының айтуынша, қазіргі таңда елімізде бұл сала құқықтық тұрғыдан толық реттелмеген.
Парламент жыл сайын орта есеппен 100-ге жуық заң қабылдайды. Үкімет пен министрліктер соңғы он жылдың өзінде ғана 30 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт қабылдады. Бұл ауқымды деректер жиынтығы деген сөз. Нормативтік-құқықтық актілерді жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып талдау қабылданатын заңнамалық шешімдердің сапасын айтарлықтай арттыратыны анық. Бізде заңдарды әзірлеу мен келісудің жекелеген кезеңдері әлі де қағаз жүзінде жүргізіледі, яғни процестердің бір бөлігі цифрландырылмаған. Сондықтан заң шығару қызметінде жасанды интеллектіні, жалпы цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін талдаудың маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат төрағасы 2021 жылы ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуіне байланысты заңнамалық деңгейде базалық нормалар енгізілгенін тілге тиек етті. Атап айтқанда, Ақпараттандыру туралы заңда ұлттық жасанды интеллект платформасы операторының құзыреті айқындалған. Бұдан басқа, Министрлік Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.
Мемлекет басшысы заң шығару қызметін цифрландыруды тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты Парламент Палаталарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Цифрлық стратегияның жобасы әзірленді. «Е-Парламент» жобасы да іске асырыла бастады. Алдағы уақытта осы істе бәріміз бірлесіп әрекет етуіміз керек. Сенат жасанды интеллектіні дамыту үшін қажетті құқықтық орта қалыптастыруға жәрдемдесуге дайын. Осы бағыттағы тиісті жобалар бойынша бірлесіп жұмыс істейік, – деді Сенат спикері.
Отырыс барысында Data-Management саласындағы цифрлық шешімдерді реинжинирингтеу, заң шығару үдерісінің қазіргі жай-күйі мен цифрландыру мәселелері, сондай-ақ заң шығару саласындағы стартаптардың жалпы трендтері де талқыланды.
Одан бөлек, іс-шарада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Цифрлық үкіметті қолдау орталығының төрағасы Рүстем Биғари, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның төрағасы Ростислав Коняшкин, Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков, «Astana Hub»-тың бас директоры Мағжан Мәдиев, «Bizdin.ai» компаниясының бас директоры, Айбек Нұртазаев, TAG Consulting-тің басқарушы серіктесі Валерий Горлачев, Парламентаризм институтының директоры Қанатбек Сафинов және тағы басқа сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдері сөз сөйлеп, жасанды интеллект саласындағы жобаларын таныстырды.