Заң шикізатқа қолжетімділік мәселесін шешеді – Берік Бекенов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңадан қабылданған «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының орнықты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл туралы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» басқарма төрағасы Берік Бекенов мәлімдеді.
Биыл 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Басқарма төрағасының айтуынша, аталған Заң шикізатқа қолжетімділік мәселесін шешіп қана қоймай, бүкіл өндіріс циклін дамытуға әсер етеді.
Жалпы Заң өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының орнықты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады. Заңның ережелері шикізатты жеткізуден, өндірісті дамытудан бастап, ішкі және сыртқы нарықта өнімді сатуға дейінгі бүкіл өндіріс циклін қамтиды.
Заң өңдеу өнеркәсібінің негізгі проблемаларының бірі – шикізатқа қолжетімділік мәселесін шешеді. Қабылданған тетікті іске асыру өндіріс қуатын арттыруға және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді ол.
Сондай-ақ Берік Бекенов мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы да айтты.
Өнеркәсіптік грантты атап өткім келеді – бұл өндірісті технологиялық жаңғыртуға бағытталған жаңа құрал. Бұдан басқа, қолданыстағы мемлекеттік ынталандыру шаралары қайта қаралып, бизнестің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталған. Жалпы алғанда, орта және жоғарғы қайта бөлу өнімдері ынталандырылатын болады.
Заң индустрияландыру саясатының табысына септігін тигізеді және өнеркәсіптік әлеуетті одан әрі іске асыру үшін берік іргетасқа айналады, - деп атап өтті ол.
«Өнеркәсіптік саясат туралы» заң шеңберінде отандық өндірісті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын жаңа құрал – оффтейк-келісімшарттар көзделген.
Бұл біздің еліміздің аумағында жаңа өндірісті дамытуға немесе қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік беретін сатып алу туралы ұзақ мерзімді шарт. Оффтейк-келісімшарттар жасасу қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін дамытуға, құзыреттерді тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, салық базасын толықтыруға бағытталған. Осының барлығы жалпы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін болады. Оффтейк-келісімшарттардың тиімділігі айқын, өйткені қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға тікелей әсер етеді және жеткізушіге Тапсырыс беруші тарапынан бір жылға емес, бірнеше жылға тұрақты тапсырыстың болуына кепілдік береді, - деп түсіндірді төраға.