Заң мақұлданды: Енді Түркі елдері арасындағы жүк тасымалы артады

Бүгін Сенат отырысында «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімге, 2022 жылы 11 қарашада Өзбекстан Республикасында Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының қатысуымен өткен тоғызыншы саммиті аясында қол қойылған.

Келісімнің мақсаты әртүрлі көлік түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы транзиттік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше-мемлекеттер арасындағы жүк тасымалдау көлемі 35 млн тоннаны құрады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық (29 млн тонна). Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттер үшін ынтымақтастықтың стратегиялық жобасы транскаспийлік халықаралық көлік бағыты болып отыр. Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын бұл көлік артериясы «Белдеу мен жолдың» континентальды көпіріне айналады, жүк тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады және көлік шығындарын айтарлықтай төмендетеді, - деді сенатор Амангелді Нұғманов.

Оның айтуынша, көлік бағытын дамыту мақсатында теміржол, порт инфрақұрылымын жаңғырту және жылжымалы құрам мен сауда флотын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілген.

Ақтау портында «контейнерлік хаб» салынады. Бұл жоба тасымалдау көлемін жылына қосымша 300 мың контейнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қаралып отырған Заң темір жол, су және автомобиль көлігінің заманауи жүйелерін дамытуға, пойыздардың кедендік рәсімдерден өтуін жеделдету үшін алдын ала ақпарат алмасуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ жүктерге қатысты цифрлық технологияларды енгізуге ықпал етеді. Келісімнің нормаларына сәйкес Түркі елдері арасындағы тасымалдауды дамыту жөніндегі Бірлескен комитет құрылады. Келісім Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін одан әрі арттыру үшін алғышарттар жасап, елдің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға оң әсерін береі, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Pexels.com
Өзгелердің жаңалығы