Заманауи мектеп: Павлодар қаласында 85 мектеп жөнделеді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде 2020-2025 жылдарға арналған «Заманауи мектеп» бағдарламасы шеңберінде 85 мектеп жаңа кейіпке енбек.
Бес жылға шақталған жоба орта білім беру мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту, күрделі және ағымдық жөндеуден өткізуге бағытталған. Облыстық Білім беру басқармасы мамандарының мәліметінше, жоба шеңберінде мектептер пәндік кабинеттермен жабдықталып, жиһаздары жаңартылады. Биыл бағдарлама бойынша алты мектепті жаңғырту жоспарланған. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу 113 жылдық тарихы бар облыс орталығындағы №7 орта мектепте қызу жүріп жатыр.
Мектеп директоры Халида Бекбосынованың айтуынша, бұған дейін күрделі жөндеулер тек ішінара жүргізілген. Ал кешенді жұмыстар бұрын-соңды қолға алынбаған.
Мектептің жаңа ғимараты сонау 1962 жылы салынған. Сол кезден бері тек ішінара жөндеулер жүргізілді. Биыл «Заманауи мектеп» бағдарламасы аясында нысан алты бағыт бойынша жөнделуде. Мәселен, әбден ескірген қасбеті, едендері, терезелері ауыстырылады. Сонымен қатар, су тарту, кәріз және элект желілері толық жөнделеді. Мектеп ленинградтық жоба бойынша бой көтерген. Бес қабатты болса да, қазіргі норматвтерге орай жеті қабатты үймен пара пар. Екі мердігер ұйым тиісті жұмыстарды қатар жүргізіп жатыр. Жоба шеңберінде ғимараттың аумағын абаттандыру қарастырылған. Мектеп стадионы да жаңаланады, - дейді Халида Бекбосынова.
Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына 60 адам тартылған. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.
Айта кетейік, облыста заманауи мектептің бірыңғай концепциясы әзірленген. Жалпы, осы жылы аймақта 49 мектепті жөндеу қарастырылған. Олардың басым бөлігі - инфрақұрылымы ескірген білім беру насындары.