Заман сұранысына жауап бере алатын туындыларға сұраныс та жоғары

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланды. Өңірлерде балалардың кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде? Бүгінгі балалардың кітап оқу белсенділігі қандай? Жасөспірімдердің қай жанрдағы туындыларға қызығушылығы жоғары? Осы және өзге де сұрақтарға Көкшетаудағы орталық қалалық үлгілі балалар және жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Динара Қамақайқызы жауап берді.

- Балалар кітапханасына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауға не түрткі болды?

– Бұл мамандықты таңдауыма кішкентай кезімнен кітапқа деген қызығушылығым әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ отбасымдағы ата-аналарымның ұстаздық жолды таңдағандары да ықпал етуі мүмкін. Бала үйдегі үлкендерден нені көрсе соны үйренеді дейді ғой, мен де дәл солай ата-анама ұқсап кітап оқығанды ұнататынмын. Сол себептен де осы саланың маманы болуды өзіме мақсат еттім. Тағы бір айтарым, осы саланы таңдағаныма еш уақытта өкінген емеспін. Өйткені көптеген жетістікке жетіп, өзімді жақсы жағымнан көрсете білдім деп айта аламын.

- Кітапқұмар оқырмандар қатары көбейді ме?

– Уақыт өткен сайын заман талабы да өзгеріске ұшырайды. Осыған орай қазіргі кітапхана саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Жас буынды кітап оқуға тарту бойынша заманауи жобалар, көркем әдебиет бөлімінде тың өзгерістер болып жатыр. Коворкинг орталықтары, балаларға арналған ашық аспан астындағы кітапхана, марафондар, челленджер қазіргі кітапхана жұмысының бір ғана бөлігі. Сонымен қатар пандемия кезеңінде кітапхана саласы оқырмандар үшін көптеген онлайн жоба ұйымдастырды. Айталық, «Байланыссыз кітап жеткізу», «Сүйікті кітаппен селфи», «Онлайн ертегі оқу», «Жаңадан келіп түскен көркем әдебиеттерге шолу» сияқты онлайн жобалар арқылы балалардың кітапқа деген құлшыныстарын арттыруға тырысамыз.

- Кітапханада ерекше жобалар ұйымдастырыла ма?

– Табиғат аясында балаларға қызықты, әртүрлі аймақтар ұйымдастырылды. «Сүйікті балалар кітаптары» аймағында жаңа кітаптар қойылды. «Оқитын уақыт» атты biblioipіcnic ұйымдастырылды. Biblioplase дегеніміз – оқитын алаң, мобильді кітапхана балалардың қызығушылығын оятады. Сонымен қатар кітапхана ең ауқымды орталықтармен жұмыс жасайды. Қайырымдылық іс-шаралары бойынша соңғы бес жылда жүзеге асырылып келе жатқан «Қуаныш сыйлау бір бақыт» жобасын атап кетуге болады. Бұл жобаның мақсаты мен міндеті: қамқорсыз қалған және мүмкіндіктері шектеулі балаларға, жасұрпақтың бойына кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, жүрекке жылулық мейірімділік шапағатын беру, мүмкіндіктері шектеулі балаларға ақпараттық қызмет көрсетуді дамыту, қаладағыәлеуметтік мекмелермен қарым-қатынасымызды нығайту болып табылады. Жоба аясында «Шын жүректен» акциясы, Ризашылық мейірім, шын жүректен балаға Назарбаев зияткерлік мектебі мен Көкшетаудағы психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған медициналық әлеуметтік мекемесі бірлескен іс-шара акциясы және басқа да орталықтармен іс-шаралар өткізу жоспарда бар.

- Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында қандай әдіс-тәсілдер пайдаланылады?

– Оқушылардың кітапқа деген ынтасын арттыру – әрбір кітапханашының борышы және міндеті деп ойлаймын. Осы орайда кітаханада әр түрлі форматта көпшілік және танымдық шаралар ұйымдастырылады. Іс шараны ұйымдастыру мен безендіру тақырыпқа сай дайындалып, мүмкіндігінше барлығын қызықты әрі жас ерекшеліктеріне сай қылып өткізуге тырысамыз.

Мұнда жас оқырмандарымыз үшін арнайы ұйымдастырылған үйірмелер бар. «Тілашар» және «Муравейник» үйірмелерін ерекше айтуға болады. Бұл үйірмелерде оқырмандар өздеріне қажетті танымдық білім ала алады. Ендігі уақытта тағы да басқа үйірмелер ашуды көздеп отырмыз. Кітапханада балаларға арналған кітаптар неғұрлым көп болса, келушілер қатары да көбейеді деп ойлаймын.

- Пандемия кітапхана жұмысына қаншалықты әсер етті?

– Пандемия басталған уақытта да біз балалармен жұмыс жасауды тоқтатқан жоқпыз. Дәл осы кезде жас оқырмандармен әлеуметтік желілер арқылы хабарға шығып отырдық. Түрлі тақырыптарда сайыстар ұйымдастырдық. «Байланыссыз кітап» жобасы аясында жұмыс атқардық. Қандай жағдай болмасын балалардың кітапқа деген қызығушылығын жоғалтып алмауымыз керек.

- Еліміздегі республикалық, облыстық кітапханалармен байланыс бар ма?

– Кітапхана республика көлеміндегі барлық балалар мен жасөспірімдерге арналған кітапханалармен тығыз байланыста. Сонымен қатар Санкт-Петербург қаласындағы жасөспірімдер кітапхансымен онлайн түрде жұмыс істейміз: «Бала би», «Балбұлақ», «Балалар шығармашылығы» журналдары мен «Дружные ребята» газеті. Сонымен қоса Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына республикалық байқау ұйымдастырдық. Сайыста жазушылармен онлайн кездесулер өтті. Алматы қаласынан «Балбұлақ» журналының редакторы Мағира Қожахметова, Нұрсұлтан қаласынан балалар жазушылары Толымбек Әбдірайым, «Супер қыз» кітабының авторы Динара Чайжунусова және балалар жазушысы Ақылбек Шаяхмет, Александра Суслова қатысты.

- Соңғы рет балаларға арналған қандай әдебиеттер түсті?

– Балалар әдебиетіне тұрақты түрде тапсырыс береміз. Қызықты кітаптар көп болса, балалардың оқуға деген ынтасы да жоғары болады деп ойлаймын. Соңғы рет «Ғажайып деректер», «Алтын классика», «Әлем балалар әдебиеті» сериясымен шыққан кітаптар, «Классикалық хикаяттар», «Алғашқы энциклопедия», «Табиғаттағы ғажайыптар» сияқты бүлдіршіндерге арналған туындылар келді.

- Кітапханаға қай жастағы балалар көп келеді?

– Кітапханамызға 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар келеді. Бастауыш сыныпта оқитын оқушылар өзара бір-бірімен оқыған кітаптарын талқылап, уақыттарын тиімді өткізуге тырысады. Бұл біз үшін бір қуантарлық жағдай. Өзіме балалармен бірге жұмыс істеген қатты ұнайды.

- Кітап оқуға жиі келетін оқырмандарды атап өтсеңіз?

– Кітапханамызға оқырмандар жиі келеді. Мұнда балалар тек кітап оқып қана қоймай, түрлі сайыстарға да қатысады. Солардың ішінде жиі кітап оқуға келіп, байқауларға жиі атсалысатын бүлдіршіндер бар. Олар: Әбеновтер, Пьянковтар, Еркіновтер, Ким отбасының балапандарын және Артем Шалыга, Арман Қалиев, Айзада Рахман, Мадияр Рахмановты атап өтуге болады.

- Қандай жанрдағы кітаптарға сұраныс көп?

– Бүгінгі таңда балалар кітап оқымайды деген түсінік белең алып барады. Бірақ мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Өйткені бүгінгі балалардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін өзім кітапханада жұмыс істеген соң білемін. Олар көбіне тарихи және классикалық, фантастика жанрындағы кітаптарды оқығанды ұнатады. Мысалы, «Тарихи тұлғалар», «Эксклюзивная классика», «Бестселлер», «Лучшая классика для девочек» – көп оқылатын кітаптар тізімінде. Жалпы, заман сұранысына жауап бере алатын туындыларға сұраныс та жоғары.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы