Бүгiн 2026, 11:23 Фото: ©BAQ.KZ

«Закладчиктер» көбейіп барады: Қазақстанда жыл басынан бері қанша адам ұсталды?

Биыл ел бойынша есірткіге қатысты 1445 қылмыс тіркелген.

Мектеп оқушылары жазғы демалысқа шыққан соң, қосымша табыс табуды көздеп, әлеуметтік желідегі түрлі жарнамаларға жиі жүгінеді. Алайда “оңай ақша” мен “бір күнде байып кету” туралы ұсыныстардың артында ауыр қылмыстық жауапкершілік тұрғанын көпшілігі ескере бермейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы уақытта Қазақстанда синтетикалық есірткі таратумен айналысатын «закладчиктерге» қарсы күрес күшейтілген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында есірткі қылмыстары үшін 76 шетел азаматы ұсталған. Олардың қатарында есірткі сатушылар, ірі көлемде сақтаушылар және «закладчиктер» болған.

Ал Жетісу облысының өзінде төрт ай ішінде 43 адам ұсталып, олардың жетеуі «жасырын салымшы», яғни «закладчик» болып шыққан. Сонымен қатар өңірде есірткіге қатысты 51 қылмыстық іс сотқа жолданған.

ІІМ дерегіне сәйкес, биыл ел бойынша есірткіге қатысты 1445 қылмыс тіркелген. Оның 991-і – есірткі сату фактілері. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде 476 келісі синтетикалық есірткі болған. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Қазіргі таңда есірткі саудасының басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асады. Telegram-арналар, жасырын боттар, криптовалюта және VPN қолданатын қылмыстық топтар жастарды “оңай ақша” ұсынып, курьер ретінде жұмысқа тартады.

ІІМ мәліметінше, «закладчиктердің» көбі – 18-25 жас аралығындағы жастар. Олар көбіне әлеуметтік желідегі “күніне 100-200 мың теңге табыс” деген жарнамаларға сеніп қалады. Алайда мұндай “жұмыстың” соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қуаныш Мирзаевтың айтуынша, жастар кей жағдайда қоғамдық орындардағы арнайы граффити-жазулар арқылы да есірткіге қатысты ақпаратқа тап болады.

Біз үнемі өз аумағымызда есірткі тарату фактілерін анықтау мақсатында тексеріс жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Жүйелі жүргізілген алдын алу шараларының арқасында есірткі тарату фактілері өткен жылмен салыстырғанда азайып отыр. Аралау барысында есірткіге қатысты жазбалар анықталса, “102” арнасына тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады, - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда 2025 жылдан бастап есірткіге қатысты заңнама күшейтілді. Қазіргі таңда есірткі таратумен айналысқан азаматтарға 5 жылдан 20 жылға дейін, ал кей жағдайда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.