Загребте Қазақстан дамуының жаңа кезеңі талқыланды
Cарапшылармен, қоғамдық-саяси топтардың және Балқан БАҚ өкілдерімен кездесуде Қазақстан елшісі Алтай Әбибуллаев кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындылары мен Қазақстандағы саяси реформалар бағыттары туралы ақпаратты жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының негізгі басымдықтары туралы хабардар етілді. Президенттің бағдарламасы жаңа және нақты міндеттерді шешуге бағытталғаны, оның басты қағидаты – саяси жүйенің болжамдылығы мен тұрақтылығы, елдің одан әрі демократиялық дамуы атап өтілді.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген президенттік сайлауға тәуелсіз байқаушы ретінде қатысқан хорват Парламентінің (Сабор) вице-спикері Даворко Видович қазақстандық тарапты сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, Президент Қ. Тоқаев жариялаған ауқымды реформаларын жүзеге асыруға жәрдемдесуге Хорватияның дайын екенін білдірді. Қазақстандық азаматтардың биліктің іске асырылып жатқан іс-әрекеттерін қолдаудың жоғары дәрежесін атап өтіп, депутат сайлау науқанын ұйымдастыру және дауыс беру процесі туралы өзінің жеке әсерлерімен және бақылауларымен бөлісті. Оның айтуынша, ашық және халықаралық стандарттарға сәйкес өткен сайлау Қазақстанның қазіргі қиын геосаяси жағдайда жоспарланған қоғамдық-саяси жаңғыру жоспарларын табысты жүзеге асыру үшін қажетті әлеуетке ие екенін тағы бір рет көрсетті.
Климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі халықаралық институттың президенті Мария Пуйо Тадич Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы COP-27 cаммиті аясында ҚР-ЕО арасындағы шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы өзара түсіністік туралы меморандумның маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның климаттық сын-тегеуріндерге ден қою жөніндегі күш-жігерін ерекше бағалады.
«Хорватия-Қазақстан» достық қоғамының басшысы Андрия Карафилипович Қоғам қызметінің негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, достық, өзара құрмет пен сенім дәстүрлерін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан-Хорватия қарым-қатынастарының ілгері дамып келе жатқанын айтып, екіжақты байланыстарды жандандыруға және көпжақты ынтымақтастықтың әлеуетін кеңейтуге деген өзара көзқарасты растады.