Зағип жандар үстел теннисін ойнайды

Республика күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Showdown үстел теннисінен турнир Астанада алғаш рет өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Showdown – көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға арналған үстел теннисі ойынының атауы. Бұл ойын Ресей, Болгария, Германия елдерінде жақсы дамыған. Тұрақты чемпионаттар өткізіліп тұрады. Ал бұл жаңалықты Қазақстанға әкелген «Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы. 

Астаналық зағип жандар елімізде енді ғана даму қарқынын алған Showdown ойынын игеріп жатыр. Олар үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үстел теннисі табыс етіліп, арнайы Республика күніне орай чемпионат өткізіп жатырмыз, - дейді ол.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің  басқарма басшысы Мұхамеджан Бекназаров, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағанбетова, Астана қаласының және Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы, Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының орынбасары Әділхан Өмірзақов, белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев қатысты.

Айта кету керек, іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы