Заң жобалары алдымен мемлекеттік тілде дайындалуы тиіс
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін әділет министрлігінде "Заң мәтінін мемлекеттік тілде әзірлеу: лингвистикалық қамтамасыз ету мәселелері" тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Отырыста заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуге қатысты мәселелер талқыланды. Оған Парламент депутаттары, әділет министрі Марат Бекетаев, президент әкімшілігінің, үкіметтің және орталық мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары мен өкілдері қатысты. Сондай-ақ заң, филология білімі саласының танымал ғалымдары болды.Тіл туралы "заңның 4-бабында "Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі", – деп жазылған. Алайда іс жүзінде нақты әрекеттің жоқ екені өкінішті жағдай.
Заңдар алдымен мемлекеттік тілде дайындалып, содан кейін ғана қажет болса орыс тіліне аударылуы тиіс. Бұрынғы Кеңес республикаларының ішінде Қазақстан мен Белоруссиядан басқа елдің барлығы да әлдеқашан осылай істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін халықаралық қатынас тілі ретінде қалыптастыруды қолға алып жатқанда, бұл мәселені түпкілікті шешіп, заңдар мен нормативтік құжаттарды алдымен мемлекеттік тілде әзірлеуге көшетін уақыт жетті, – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.Әділет министрі Марат Бекетаев 27 қыркүйекте өткен сенат отырысындағы "Заң шығару процесін одан әрі жетілдіру" тақырыбына арналған парламенттік тыңдаулар ұсынымдарын іске асырумен байланыстылығын және бұл ұлттық заңнаманы жетілдіруде нақты міндетке айналуы қажеттігі туралы атап өтті.
Министр сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдарды осы дөңгелек үстелдің ұсынымдарын іске асыруға байланысты іс-шараларды уақтылы және сапалы өткізуге шақырды.
Осыған орай, іс-шара аясында талқыланған тақырып заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуді қамтамасыз ету шараларын ойластыруға және нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізетін болады.
Жарыссөзде ұлттық заңнаманың қазіргі кездегі жай-күйінің мәселелері мен заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша атқарылатын істер талқыланды.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы негізінде заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша ұсынымдар қабылданды. Сондай-ақ ұсынымдар іс-шараға қатысушылардың ұсынымдарымен толықтырылып пысықталғаннан кейін, уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы