Зәуреш Батталова оралмандарды баспанамен қамту жолын ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Қазақстанда парламентшілікті дамыту қоры" ҚҚ төрайымы Зəуреш Батталова Мəжілісте қандастарымыздың шешілмей келе жатқан бірқатар мəселесін көтерді.
"Елімізде оралмандарға арналған Бейімделу орталықтары бар. Енді айтыңыздаршы, Қазақстанға келген қазақтарға қандай тіл адаптациясы керек? Керісінше, олар бізге қазақша сөйлеуді үйретуі қажет. Енді біз шетелден келген тек қана қазақша сөйлейтін адамдарды қазақша үйретеміз бе? Оларға орысша үйретсек жарайды. Бұл не сұмдық? Бұл ақшаны талан-таражға салу. Бұны тоқтату керек. Бұл жерде ешқандай тілді дамыту жоқ. Одан да мемлекеттік қызметте қазақша сөйлемейтіндерді жұмыстан шығарыңдар. Солардың орнына қазақша сөйлейтіндерді алыңдар. Тым болмаса, оралмандармен жұмыс жасайтын адамдар, көші-қон комитетінде істейтіндер қазақша сөйлесін. Екінші мəселе, Қазақстанға келген оралмандарға қандай адаптация қажет? Олардың мында туыстары бар. Қазақтардан туысшыл, қазақтардан қонақжай адам жоқ. Олар өздері-ақ бейімделіп кетуге көмектеседі", - деді Зəуреш Батталова.
Қоғамдық қор басшысы "сондықтан Бейімделу орталықтарының бəрін тоқтату керек. Ештеңе салмау қажет жəне оған ақша бөлмеу керек" дейді.
"Қаржы министрлігі тыңдасын жəне осыған жауап берсін. Сол ақшаның бəрін баспанаға берсін. Осы қаржыға əлеуметтік тұрғын үй салып, оралмандарға жекеменшік болмаса да, аренда түрінде бірден үй берсін. Сонда олардың баспана мəселесі шешіледі. Бізге келген оралмандардың негізгі мəселесі неде? Тұрғын үйдің жоқтығында. Бейімделу орталықтарына қаншама ақша бөлінеді. Бүгін олар қандай қызмет көрсетеді? Олар қажет пе, қажет емес пе? Осыған жауап беру керек. Бұл ақшаны нақты баспанаға бөлу керек деп ұсыныс айтамын. Себебі бүгінгі күні біздің бар көрсететін əлеуметтік қызметіміз тіркеуге (тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу - авт.) байланысты" , - деді Батталова.
Оның айтуынша, бүкіл қазақстандықтар үшін өзекті саналатын тіркеу мəселесі шешілмей, жүйелі ештеңе істелмейді.
"Неге десеңіз? Келген оралмандар жəне осында тұрып жатқан, мысалы ауылдан қалаға келгендердің тұрғылықты жерінде тіркеуі болмаса, олар əлеуметтік қызметке қол жеткізе алмайды. Олар мектепке орналастыру үшін ақша төлеуі қажет. Өздері бір жақта тұрып, баланы басқа жақта оқытуға мəжбүр болады. Олар денсаулық сақтау қызметін де ала алмайды. Сондықтан меніңше, осы заңға бұл мəселені енгізу керек. Яғни, азаматтыққа ие болғандарға, оралмандарға келген адамдарға, жалпы қазақстандықтарға əлеуметтік қызметтер тіркеуге байланыстырмай берілуі қажет. Осы жолды ойластыру керек", - деді Зәуреш Батталова.
Бұған дейін Мəжіліс депутаты Кəрібай Мұсырман "қандастарымыздың көшін тежеп тұрған кедергілер толық жойылған жоқ" деген еді.
Атап өтсек, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қаржы, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Арысқа оралу. Азық-түлік толығымен жойылуы керек
Өзгелердің жаңалығы