Қызылорданың Арал ауданындағы мектептен өрт шықты

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Арал ауданының Сорбеткей ауылындағы бастауыш сыныпқа арналған мектеп өртенді.

Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұловтың айтуынша, өрт 23 ақпанда шамамен сағат 10:30-да шыққан. Абырой болғанда тілсіз жаудан ешкім зардап шекпеген.

«Қамыстыбас ауылдық округіне қарасты Сорбеткей елді мекеніндегі мектепте болған жайсыз оқиғаны "өрт шықты" деп деуге келмес. Өйткені, бастауыш сыныпқа арналған білім ошағының мұржасының тұсы бықсыған. Оны мектепте пеш жағушы жұмысшы байқаған. Сосын дереу хабарлаған. Өртті сол ауылдағы ерікті өрт жасағы сөндірген", - деді Бектемір Жұмағұлов.

Бүгінде өрт салдарынан мектептің бұзылған жері қайтадан ретке келтірілген. Ал оқушылар күнделікті саябағын оқып жүр.

«Қазіргі кезде мектепте 13 оқушы білім алады. Ғимараттың зақымданған тұсы қалпына келтірілді. Сабақ тоқтаған жоқ. От жағу пешінен ақау табылмады. Оқиғаны саралағаннан кейін мұржаның тұсынан өрт шықты деген шешім шығарылды», - дейді аудан әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, Сорбеткейде бұл мектеп 2006 жылы жас мамандарға арнайы тұрғызылған үйде қоныстанған. 2010 жылға дейін шағын ауылда мектеп болмағандықтан балалар Қамбаш ауылдық округіне қатынап оқыған.

Ибраш Әли

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы