Қызылордалық жастар көне дәуірдің әдеби жәдігерлерімен танысты
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордада Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Көне дәуір әдеби жәдігерлері» атты кітап көрмесі өткізілді.
Филолог ғалым Гүлмира Әшірбекованың айтуынша, көрме облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының ұйымдастыруымен «Архив-2025» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр.
Көрмеге шетел архивтері мен кітапханаларынан әкелінген ұлтымыздың әдеби құнды мұралары қойылған. Оның ішінде: Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Махмут Қашқаридың «Диуани Лұғат ат түрк», Ахмед Иүгінекидің «Хибатул хақайық», Әл-Ферғанидің «Астрономия», Әбу Райхан Әл-Бирунидің «Медицина» туралы еңбектері және «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден мен Ватикан нұсқаларының көшірмелері қойылды.
“Ұлы далада бабаларымыз жазған бұл кітаптардың әлемдік өркениет пен ғылымға қосқан үлесі орасан. Атап айтқанда, Әл-Ферғанидің (798-861 ж.) астрономия ілімі туралы еңбегі еуропа ғылымының дамуына әсер еткен. Ал, Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» кітабында ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз, мемлекеттік жүйеміз көрсетілген”, - дейді Гүлмира Әшірбекова.
Ұлттық бірегейлікті, ұлттық кодты сақтау мақсатында халқымызға сондай-ақ, күллі түркі дүниесіне ортақ әдеби жәдігерлерді көпшілікке таныстыру, сол арқылы жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуды мақсат еткен шараға аймақтағы ЖОО, колледж студенттері мен ғалымдар қатысты.
“Рухани жаңғыру” орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжастың айтуынша, қазіргі заманғы ойшылдардың бірі саналатын Джон Грей деген батыс жазушысы білім турасында тың пікірлер білдіріп жүр.
“Грейдің ойынша, білім-аккумулятивті, яғни, толығып отырады, күшейеді. Ал этика – аккумулятивсіз, яғни өзгермелі. Мәселен, ХХ ғасыр басында неміс халқы өркениетті лидердің бірі болатын. Вагнерден, Шиллерден, Ницшеден тәлім алған сол немістер 1933 жылы Гитлер үкімет басына келгеннен кейінгі бар-жоғы 5-6 жылда ұлтшылдықты ұран қылып алып, қырып-жою арқылы әлемді жаулап алуға ұмтылды. Олардың қоғамдық санасы аз уақытта күрт өзгеріп шыға келді. Жалпы, қоғамдық саланың үш қабаты болады деген ертеден келе жатқан түсінік бар. Бірінші қабаты – идеалды (шынайы) қабат, екіншісі – рухани (гуманитарлық), үшіншісі – айуандық (шайтандық) қабат. Соны зерттеулер бойынша адам санасын өзгерту үшін 4 сағаттан 5 жылға дейін уақыт қажет екен. Қазақтың «жақсылық пен жамандықтың арасы бір-ақ қадам» дейтіні бекер болмаса керек”, - деді Нұрлыбек Мыңжас.Нұрлыбек Мыңжастың пікірінше, кітап оқу – адамның дүниетанымын кеңейтетін және сол арқылы ішкі мәдениетін өсіретін әдіс немесе жол.
“Кітап оқыған сайын азаматтың белгілі бір позициялар тұрақталады, сана нығаяды. Француз ойшылы Дидро «адамдар кітап оқуды тоқтатқан кезде ойлануды да тоқтатады» деген болатын. Егер өркениетті елдер қатарына тек біліммен ғана қосыла аламыз. Ал білімді тарихи сананы жаңғырту арқылы дамытамыз» – деді орталық директоры.
Көрменің соңғы күнінде болған кездесуде жастар көне дәуір жәдігерлері жайлы тағылымды әңгіме болды. Ұлы ұстаз Аристотельден кейін астрология мен астрономияның аражігін ажыратып берген Әбу Насыр әл-Фараби баба болатын. Кездесуде көне дәуір ескерткіштерін зерттеуші PhD доктор Бекарыс Нұриман да өзінің түйгенін түсіндірді.
“Жүсіп Баласағұн ауызша тараған деректің уақыт өткен сайын өзгеріп түрленетінін, ал жазылған мәліметтің қанша ғасыр өтсе де мазмұны жоғалмайтынын айта келе «бізге дейін құнды деректер жазылмаса, мұның бәрін қайдан білетін едім» дейді. Біздің көрмеге қойып отырған кітаптарымыз көне дәуірден жеткен тарихи құнды жәдігерлер, әлемдік өркениет пен ғылымға зор үлес қосқан еңбектер. Олардың бәрін де осы Ұлы Далада өмір сүрген біздің бабаларымыз жазған. Бүгінде бұл кітаптар шетелдердің архивтері мен кітапханаларында сақтаулы тұр. Көшірмелерін әкеліп, халықтың назарына ұсынып отырмыз. Мақсатымыз бабадан қалған құнды мұралар арқылы тарихи тамырымыз тереңде екенін көрсетіп, жас ұрпақтың санасын ояту, рухани тұрғыда жаңғырту”, - дейді ғалым.
Бекарыс Нұриманның пікірінше, кез келген халықтың жазба мұралары – сол елдің құнды дерегі, сол халықты танытатын тарихы. Сондықтан да ұлттың бәсекелік қабілетін арттыруда тарихи жадымызды жаңғыртудың маңызы зор. Көне дәуірдегі әдеби жәдіргерлерді көрмеге қойып қана қоймай, әрбір кітаптың мазмұны мен маңызы жайлы түсінік беру арқылы жастардың ғылым-білімге қызығушылығын оятуды мақсат еткенін жеткізді.
“Бір сөзбен айтқанда, көне әдеби жәдігерлер көрмесі түркі әлемінің рухани мұрасы бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртып қана қоймай, олардың бойына ұлттық рухты сіңірді деген ойдамыз”, - деді Бекарыс Нұриман.