Қызылордалық кәсіпкер жылыжайдан күніне 5 тонна қияр жинауда

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық кәсіпкер Ғани Алматов жылыжайдан күніне 5 тонна қияр жинайды.

Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің аумағында "ҚазАгроМир" серіктестігінің жылыжай кешені орналасқан. 2 гектар жерді алып жатқан жылыжай былтыр пайдалануға берілген. Ал қияр егуді биыл наурыз айында бастапты. Ауқымды жоба мемлекеттік қолдаудың арқасында іске асырылды.

Кәсіпкер Ғани Алматовтың айтуынша, жылыжай заманауи қондырғылармен жабдықталған және өнімді өсіру барысы автоматтандыpылған. Көкөніс тамшылатып суғарылады.

2 гектар аумақтың бәріне қияр ектік. Осы сәуірде, 45 күн дегенде пісті. Қазір күніне шамамен 5-6 тонна қияр жинап жатырмыз. Сапасы жақсы. Басты мақсатымыз да осы – ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету. Облысымызға қияр да, қызанақ та басқа облыстардан, көрші мемлекеттерден келеді. Ал біздің жылыжайдың өнімі нарықтағы бағаның төмендеуіне міндетті түрде әсерін тигізеді. Оның үстіне, біз делдалдың көмегіне мұқтаж емеспіз. Сондықтан қазір қияр бағасы төмен түскені байқалады. Жылыжайдағы қиярдың 1 келісін көтерме бағамен 250 теңгеден сатамыз. Халыққа 300 теңгеден беріледі. Тапсырыс көп. Өз ауылымыздан бөлек, Қызылорда қаласына және басқа да елді мекендерге жеткізіліп жатыр, – деді кәсіпкер.

Ғани Алматов болашақта жылыжайдан күніне 10 тонна өнім алуды жоспарлап отыр, сонымен қатар қызанақ өсіруді де қолға алмақ.

Кәсіпкер жылыжайдың бабын жасайтын мамандарынан басқа біздің ауылдың тұрғындарын да жұмыспен қамтуда. Қазірдің өзінде 40-қа жуық адам еңбек етуде. Қиярды екі гектарға өсірген. Бірінші гектарынан өнім жинауда, енді екіншісі де пісіп жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта жұмысшылар саны артады. Әлбетте кәсіпкер Ақсуат ауылының тұрғындарын бірінші кезекте жұмысқа шақыратынына күмәніміз жоқ, – деді ауыл әкімі Мәмбетәлi Ақмыpзаев. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы