Қызылордалық диқандар сусыз қалу мүмкін – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы шілде айының аяғында Қызылорда облысының күріш дақылдары судан қалады, деп дабыл қағып отыр.

Ол әлеуметік желіде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке арнайы жазба қалдырды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке Министр мырза! Бабалардан қалған "Жұт жеті ағайынды" деген сөз бар. Өзіңіз де хабардар боларсыз Сырдария өзені биыл тартылып қалды деуге болады.   Өйткені трансшекаралық өзенге қатысты көрші елдермен ең болмаса бір млд куб су алудың жолдарын жасалынбай қалды. Қазір Шардара су қоймасынан секундына 500 куб. су жіберілуде. Шілденің аяғында бұл көлем тағы да қысқартылуы мүмкін, өйткені Шардараның өзіне жоғарыдан су түсіп жатқан жоқ. Демек Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарының күріш дақылдары судан қалады. Бұл аудандардың негізгі күнкөрісі күріш пен бау бақша өнімдері. Су жетпесе ала жаздай диханшылардың еткен еңбегі зая кетеді деген сөз, – дейді депутат.

Сондай-ақ, ол жуырда бір топ егіншілермен кездескенін де айтты.

"Сіздер "егін ек, мал бақ күндеріңді көріңдер" дейсіздер, ал Сырдарияда су жоқ, егініміз судан қалып бара жатыр", деп зар қақанда қалай жұбатарымды білмедім. Министр мырза, бәлкім өзіңіз, болмаса су комитетінің төрағасы облысқа келіп қалыптасқан жағдайды өз көздеріңізбен көріп, тез арада шешім қабылдамасыңыздар кеш болып қалады, – деп жазды Сенат депутаты.

   Сонымен қатар, ол өзі де парламент мүшесі ретінде министрлікпен бірге жұмыс жасауға әзір екенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы