Қызылордалық Абай Құнанбайұлы: Адамдық жолмен жүру - парызым
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Баспасөз бетінде жарияланған санайғаққа сүйенсек, Қазақстанда ұлы ақын Абаймен аттас 17 мыңнан астам адам тұрады. Ал аты мен тегі бірдей азаматтар санаулы. Солардың бірі - Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кентінің тұрғыны Абай Құнанбайұлы.
Оның есімін атасы Қантай қойыпты.
Атам ұлы, яғни менің әкем дүниеге келгенде әулие Құнанбай қажыға ұқсасын деген ниетпен есімін Құнанбай деп қойған екен. Ал менің, немересінің атын Абай деп қойыңдар деп аманаттапты, - дейді Абай.
Қарияның ырымы қырын кетпей, тілегі қабыл болса керек, бүгінде Абай сөз өнеріне жақын. Көркем әдебиетті сүйіп оқиды.
Үшінші сыныпта мақал-мәтел жарысына қатысып марапат алған едім. Сол сайыс шабыт берді ме, содан кейін бір шумақ өлең шығардым. Сөйтіп әдебиетке қызығушылық оянды. Аз-маз өлең шығарамын. Кейде көсілетін кездер де болады. Атым мен тегім Абай Құнанбайұлы болғамын оның шығармашылығын оқымауым мүмкін емес. Шамам жеткенше өлеңдерін жаттап жүремін. Хәкімнің атына кір келтіруге хақым жоқ, яғни адамдық жолмен жүру - парызым, – деді Абай Құнанбайұлы.
Жас ақын бала кезінен елге қызмет қылуды армандаған. Оның пікірінше, мақсаты биік адам тірлігі тындырымды болады.
Мектепті бітірісімен Қостанай қаласындағы университетке түсіп, электр-энергетика мамандығын алып шықтым. Содан соң Қазалының көлік-техникалық колледжіне мұғалім болып қабылдандым. Міне, бір жыл болды осында еңбек етіп жатқаныма. Жұмысым нәтижесіз емес, осы оқу орнының 2 курс студенті Жадыра Еңсікбайды электр қуатын өндіру туралы ғылыми жұмыс жазуға дайындап, аймақтық жарыста марапатқа ие болдық. Қазір тағы бір ғылыми жобаға дайындалып жатырмыз, - деді Абай.
Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлы колледж жастарымен бірлесіп, "Мейірімді жандар” ерікті жастар қозғалысын құрды. Қазір осы ұйымды басқарады.
Әйтеке би кентінде ұлы ақынмен аттас тағы бір азамат тұрады. Ол - Абай Құнанбаев. 26 жастағы жігіт үйінің үлкені.
Үйдің тұңғышымын. Өзімнен кейін үш бала бар. Негізі Арал ауданына қарасты Аралқұм елді мекенінде туғанмын. Әкем Атабек темір жол саласының жұмыскері, анам Үрзада балабақшада еңбек етуде. Үйдің тұңғышы болғасын атамның баласы болдым. Есімімді сол кісі қойған. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойы тойланып жатқанда менің тұсауымды кесіпті, - дейді ол.
Бүгінде Абайдың отбасысы Қазалы ауданының орталығында тұрады. Өзі осындағы мектеп-лицейдің бірін үздік тәмамдады. Одан кейін Қызылорда, Шымкент қалаларына барып, жоғары оқу орнын оқып, жергілікті мемлекеттік басқару мамандығының иегері атанды.
Төрт жылдан бері Қазалы аудандық жұмыспен қамту орталығында әлеуметтік көмекші болып қызмет атқарамын. Бізге көмек әрі кеңес сұрап көптеген адам келеді. Біз мемлекеттік қолдауымен жасалатын жағдайды барынша түсіндіреміз. Оның үстіне бүгінде тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға түрлі жәрдемін беруде. Десек те көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созудың тиімді жолдарын әлі де қарастыру керек. Осы бағытта өзімді сынап, жобалар жасағым келеді. Аты-жөнім Абай Құнанбаев болғасын ол маған үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді Абай.