Қызылордалық ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың жұбайы дүниеге егіз әкелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрмұхаммед Әбілқасымов егіз балалы болды. Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайтында хабарланды.

«Бүгін таң атпай сүйінші xабармен ояндым. Қызылордалық ақын інім Нұрмұxаммедтің үйіндегі келін өмірге бір ұл, бір қыз әкеліпті! Құрметті Нұрмұxаммед бауырым ұл мен қызың аман-есен өсіп өзіңе қолқанат болсын! Сен нағыз Ерліктің үлгісісің!!!», - деп жазды ақын Маралтай Райымбекұлы facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі кезінде Қырымбек Көшербаев ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты қабылдап, талантты жанға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын.

«Оның өмірге деген құштарлығы кімді болса да қайран қалдырмай қоймас. Алла оған азаппен қоса ақындықты берді. Аузына жыңғыл таяқшасын тістеп жыр жазатын ақын естеріңізде ме? Ол – Нұрмұхаммед! Менің досым, құрдасым, жақыным. Біз ұзақ сырласатынбыз. Армандарым көп дейтін. Сол асыл армандарының бірі – отбасын құрып, бала сүю болатын. Мен де ақынның сол арманы орындалса екен деп тілейтін едім. Міне, Құдай тағала сол күнге жеткізді. Тілегіміз қабыл болды! Нұрмұхаммед бір ұл, бір қыздың әкесі атанды. Қажетімізді сұратпай берген, сұрағанымызды еселеп берген, егіз берген Аллаға сансыз мадақ, сансыз шүкір! «Ұлымның атын Қалқаман, қызымның атын Қарақат қоям» деп, түнде қоңырау шалды. «Саған деген құрметім, рұқсатыңды бер!» дейді... Қуанышында шек жоқ! Ең бастысы, аман болсын деп тіледім!», - деп жазды белгілі ақын Қалқаман Сарин да фейсбуктегі парақшасына.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы