Қызылордадағы жол апатының мән-жайын анықтау үшін комиссия құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қызылорда облысында бірқатар жеке компаниялардың жұмысшылары қайтыс болған жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрды.

Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында ҚР бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов оқиға орнында жұмыс істеуде, - делінген хабарламада.

Қайғылы оқиға 3 желтоқсанда Қызылорда қаласынан 85 шақырым жерде "Қызылорда-Құмкөл" автожолында болған. Вахталық жұмыстан Шымкент қаласына қайтып бара жатқан "Саутс-Ойл", "Ақжол Транс Сервис", "Понтос – Береке", "Милтон" жауапкершілігі шектеулі серіктестерінің жұмыскерлерін тасымалдаған "Neoplan" маркалы жолаушылар автобусының жүргізушісі ауа райының күрделі жағдайына (көктайғақ) байланысты көлік тізгініне ие бола алмай, көлік құралының аударылуына жол берген.

Жол апаты болған сәтте автобуста жоғарыда аталған кәсіпорындардың 34 жұмыскері мен 2 жүргізуші болған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 8 адам қайтыс болды. Әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алған жұмыскерлерге медициналық көмек көрсету үшін олар Қызылорда қалалық ауруханасы мен облыстық медициналық орталыққа жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, Тоқаев Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтқан болатын. Қызылорда маңында көлік апатынан зардап шеккен адамдардың денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында екендігін де хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы