Қызылордадағы Тұңғыш Президент саябағына 2100 ағаш отырғызылды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында «Нұр-Сұлтан қаласы – болашақтың қаласы» атты ағаш отырғызу акциясы өтті.

Акцияға қатысқандардың қарасы қалың болды. Шараға шамамен 2 мың адам келді.


Тұңғыш Президент саябағының директоры Әжібек Мампаевтың айтуынша, бүгін саябаққа шамамен 2100 ағаш отырғызылды.

«Бұл саябақ қызылордалықтардың серуендейтін, демалатын орнына айналды. Келушілер жыл санап артуда. Бүгінгі шарадан кейін саябақтың аурасы бұдан да жақсара түседі. Акция кезінде 65 қылқанжапырақ, 700 терек, тал, үйеңкі, барлығы 2100 түп ағаш отырғызылды», - дейді Әжібек Мампаев.


Акцияға атсалысуға келген көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі.


«Біз бір топ жастар болып келдік. Күрегіміз, сыпырғымыз бар. Ағаш егіп, қоқыс болса, тазалап кетейік деп ұйымшылдықпен осында жиналып отырмыз. Өзім колледжде бірінші курста оқимын. Мынадай акция мен үшін қызықты өтуде. Жалпы, тал егу сауапты іс қой. Оның үстіне, Елбасының аты елордаға берілді. Осы шешімді қолдайтынымды ісіммен көрсетейін деп саябақты көркейтуге үлес қосып жатырмын», - деді Наргиза Нұрылда.


Айта кетейік, 25 наурызда Тұңғыш Президент саябағында 800 түп алма ағашы мен үйеңкі егілген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы