Қызылорда маңында 2 гектар ағаш өртенді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін кешке Қызылорда қаласына кіреберістегі блок-пост маңында далалы алқап өртенді, деп хабарлайды Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.  Өрт Тұңғыш Президент паркіне қарсы алқапта тұтанған. Маңайында тұрғын үйлер орналасқан.

Жергілікті "112" құтқару қызметіне хабарлама сағат 20:25 шамасында түскен. Оқиға орнына №1, 2 және 6 өрт сөндіру бөлімдерінің, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жетті.
Жалынмен күреске барлығы 25 адам жұмылдырылды. Төтенше жағдай орнында арнайы штаб құрылды. Штаб мүшелерінің мәліметі бойынша, 2 гектарға жуық алқаптағы жыңғыл, тораңғыл, жиде ағаштарына залал келген. Өрт салдарынан адам шығыны болған жоқ. Сондай-ақ сол маңдағы тұрғын үйлерге зиян келген жоқ. Қазіргі таңда оның шығу себебі мен шығыны анықталуда, - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі.
Тілсіз жаудың таралуы сағат 21:10-да тоқтатылып, 21:56-да толығымен ауыздықталды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы