Қызылордада дәстүрлі отбасылық тәрбие тақырыбы талқыланды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласында "Жаһандану дәуіріндегі дәстүрлі отбасылық тәрбие және заманауи құндылықтар" республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Айтулы шара «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. 

Ғылыми басқосуға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары Ұлжан Жанбершиева, Манат Жайлауова қатысты. Олар конференцияда дәстүрлі отбасылық құндылық, бүгінгі отбасы тәрбиесінің тарихи негіздері, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі отбасы мен бала тәрбиесінің өзекті мәселелері жайлы баяндамалар жасады. 

Кенжехан Матыжановтың пікірінше, төртінші индустриялық революциядан кейінгі кезеңде қоғамда тәрбие мәселесі екінші орынға ығысып қалды. 

«Бұл тенденция Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде байқалды. Білімге алдыңғы орын беріп, тәрбие кейінге қалды. Енді дүние жүзіндегі педагогтар, ғалымдар, интеллигенция өкілдері бала тәрбиесін қалай қалпына келтіреміз деген сауал төңірегінде бас ауырта бастады. Осы мәселеге келгенде әлем жұрты бірнеше елге көз тігуде. Алдыңғы орында – біз көп айтатын жапондықтар. Ғалымдардың сөзіне сенсек, әлемде дәстүрлі тәрбиенің ең негізгі іргетасын сақтап қалған осы жапондықтар. Әрине Еуропада бала тәрбиесінде заманауи бағыттар пайда болды. Бірақ олардың көпшілігі жасанды дүниеге қарай аяқ басқанын байқап отырмыз. Сондықтан, еуропалықтар, америкалықтар Шығысқа, соның ішінде Жапонияға назар салуда. Сонымен қатар, Финляндия, Солтүстік Норвегия, Швеция елдерінде де дәстүрлі отбасылық тәрбие мәселесі жолға қойылған-ды. «Тәрбие, тәрбиеге кім ие» дегенге келсек, тәрбие ортасы қоғам, көше, жоғары оқу орны, мектеп, балабақша болып бөлінеді. Солардың ішінде ең негізгі тәрбие ошағы – отбасы», - дейді Кенжехан Матыжанов. 

Оның айтуынша, бала тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты екенін естен шығармау керек. 

«Жапонияда балабақшаға баласын апарған ата-ана оның төсек орнын да қосып апарады. Өйткені ата-ана балаға ең басты жауапты адам. Баланы өзін таза ұстауы мен айналасына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге өте қатты мән береді. Сондай-ақ олар балаға екіден артық ойыншық әпермейді. Ойыншықтар баланың ойлау жүйесін дамытуға көмектесуі керек. Әлем ғалымдары мойындаған жапондық тәрбиенің бір парасы осы. Біз баланың тәрбиесін балабақша мен мектепке бөліп беріп қойғанбыз. Шын мәнінде бала тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты екенін естен шығармауымыз керек. Адамның тектілігі де – оның тәрбиесінде», - дейді ғалым. 

Кенжехан Матыжанов қазіргі заманның балаларын смартфон тәрбиелеп жатқанына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, бүгінде балаға қарайтын жаңа технологиялар пайда бола бастады. 

«Анасы баланы ұйықтатып, жанына телефонды тастап, өзі асүйде шаруа істей береді. Бірақ балаға не керек? Ананың жылуы, мейірімі, ыстық құшағы керек. Сондықтан қазіргі таңдағы тәрбиедегі ең үлкен тренд –отбасыны тәрбиелеу, ананы тәрбиелеу, баланы тәрбиелеу. Бала тәрбиесінде ананың рөлін ештеңе айырбастай алмайды. Ер адам да, жаңа технология да», - деді Кенжехан Матыжанов. 

Педагог ғалым Сараш Қоңырбаеваның айтуынша, қазіргі қоғамдағы ата-ана баласына мамандық алып, табыс табудың қыр-сырын ғана үйретумен шектелуде. 

«Мен Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақ аруы» курсын өткізіп келемін. Жоба бойынша қыздар болашақ маман иесі болумен, отбасының берекесі, сақшысы атанса деген ниет әрі жоспармен тәрбие жұмыстарын жүргіземін. Менің айтпағым мынау: бала тәрбиесінде тек ата-аналардың міндетін күшейтумен оң нәтижеге жете алмаймыз, қоғам болып атсалысуымыз керек. Мәселен, ауылдағы ақсақалдар мектебі, аналар мектебі кенжелеп қалды. Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі кезеңде жүргізілетін кешенді шаралар бар. Біз балаға балабақшадағы кезінен «сен ертең үй болғанда», «сен өскенде», «сен ана болғанда», «әке болғанда» деген түсінік сөздерді құлағына құйып, сана-сезімін өсіре беруіміз керек. Қазіргі ата-ана баласын қалай тәрбиелеуде? «Сен жақсы оқы, жақсы оқысаң оқуға түсесің, жұмыс табасың, табысың көп болады» деп балаларын өсіреді. Сонда біз балаға тәрбие беріп жатқан жоқпыз, қаржыландырумен шектелудеміз», - деді педогог. 

Сараш Қоңырбаева мектептерде оқушыларды отбасылық өмірге дайындайтын пәндерді, курстарды көбірек қосу керектігін жеткізді. 

Айта кетейік, конференцияға дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ұлттық бірегейлікті сақтау бағыты аясында жаңадан ашылған Жастар орталығында жастарға кеңес беру жәрмеңкесі өтті. Мұнда жас отбасыларға құқықтық, экономикалық, медициналық, медиаторлық кеңестер берілді. 

Жаңадан шаңырақ көтерген отбасылар «Жас отбасылардың жаңа пәтер алу мүмкіндіктері» тақырыбында құқықтық ақпаратқа қанықты. 

Оған «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы, «Жастар ресурстық орталығы», Жастардың денсаулығын сақтау орталығы кеңесінің мамандары қатысып, жас отбасыларға мемлекеттік бағдарламалар мен орта және шағын кәсіпті дамытуға байланысты мүмкіндіктер жайында айтты. Құқықтық сауаттылықтарын арттыру мақсатында бағыт-бағдар берді. Сондай-ақ, құқықтық-ақпараттық кеңесте неке және отбасы құқығы жөніндегі кеңестер берілді.

Кеңес беру жәрмеңкесіне жастар, жас отбасылар, жоғары оқу орындарының бітіруші түлектері мен жұмыссыз жастар қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы