Қызылордада бір жылда 12 спорт кешені бой көтерді
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында бір жылда 12 спорт кешені бой көтерді.
Оның жетеуі облыс қазынасынан бөлінген қаржыға салынса, бесеуінің құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүргізілді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бүгін халық алдында есеп берген сәтінде осылай мәлімдеді.
Нақтырақ айтсақ, өткен жылы облыс бюджеті есебінен жеті ауылда – Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен, Сексеуіл, Төретам елді мекендерінде спорт кешені бой түзеді.
«Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің ішінен ашық жүзу бассейні салынып, ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек, облыс орталығындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионы қайта жаңғыртылып жатыр», – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сыр спортшыларының жетістігі де мол. Өткен жылы олар ел чемпионаттарында 441 алтын, 421 күміс, 481 қола медальға қол жеткізген. Ал Әлем және Азия чемпионаттарында 131 медаль алған.
Айта кетейік, биылғы жылы облыста тұңғыш рет ерлер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтпек. Бұдан басқа, парадзюдодан халықаралық жарыс ұйымдастырылады. Оған он мемлекет, соның ішінде АҚШ та қатысады.