Қызылордада 75 сотталған азамат кәсіптік мамандыққа қабылданды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ 1 қыркүйек - Білім күніне орай, Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде онлайн режимінде шара өтті, деп хабарлайды Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Мекемедегі сотталғандар арасында кәсіптік маман иесі атанғысы келген 75 азамат 2020-2021 оқу жылына үш мамандық бойынша (ағаш ұстасы, тігінші, газэлектрдәнекерлеуші) өтініш білдірген болатын.
Осы азаматтарға М.Ықсанов атындағы «Қызылорда құрылыс және бизнес» және «Қызмет көрсету және сервис» колледжінің оқытушылары алғашқы дәрісті онлайн түрде өткізді. Сотталған азаматтарды жаңа оқу жылымен құттықтаған колледж оқытушылары әр адам өз бойындағы қадір-қасиетін бағалап, өз өмірін түзеуге болатынын, ол үшін адал еңбек етіп, арлы, ақылды болуы керек екендігін айтты.
Ендеше, өмірге оң көзқараспен қарап, түзелу жолына түсіп, білім алу өздерінізге байланысты, жаңа оқу жылында жақсы жаңалықтарымыз көп болсын, – деді.
Алдағы уақытта осы азаматтар бекітілген сабақ кестесіне сәйкес, интернет желісі қосылған арнайы кабинетте онлайн режимінде білім алады.
Жаңа оқу жылының басталуына өз ықылас-тілектерін білдірген сотталған азаматтар да ризашылықтарын білдірді.