Қызылорда Қытайға мақсары майы мен жүн экспорттайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірдің басты жетістіктері мен биылғы он айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Осы жылдың 10 айының қорытындысымен бірқатар бағыттарда оң нәтижеге қол жеткіздік. Тұтастай алғанда, жалпы мемлекет саясатын жүйелі іске асыру нәтижесінде соңғы жылдың өзінде өңдеуші өнеркәсіпте өндіру көлемі 5,4% ұлғайды, жұмыспен қамтылғандар саны 71% дерлік, ал, шикізаттық емес экспорт көлемі - 49% астам өсті,- деп мәлімдеді Қуанышбек Ысқақов.

Өңір экономикасын әртараптандырудың негізі индустрияландыру саласына тиесілі. 

Әкімнің айтуынша, 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің шикізаттық емес секторындағы өндіріс өсімі 4,4% құраған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған 24 жобаның 18-і жоспарлы қуаттың 90% дан 100% жеткен. Жыл соңына дейін Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында тағы да 3 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 200 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында "Арал тұз" АҚ 2 испандық цехты іске қостық. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын өз өнімінің 79% экспортқа Украина, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының 82 қаласына жіберетін табысты кәсіпорынның бірі. Шетелде өнім қажеттілігінің артуына байланысты биыл тұз өндіру көлемін 25%, яғни жылына 400-ден 500 мың тоннаға дейін жеткізген, ал 2022 жылы өндіру көлемін тағы 75% жылына 700 000 тоннаға дейін арттыру жоспарлануда, - деді аймақ басшысы. 

Баса айту керек, Сыр өңірінде ауыл шаруашылық саласына аса мән берілуде. Агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттауға қатысты жұмыстар күшейтілуде. 
2016 жылы бақша дақылдарының экспорты жанданды, 2017 жылы көкөністер мен малды (Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Монғолия және Өзбекстан) экспорттау жұмыстары басталды, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майы жіберілді. ал, биыл осы елге жүн экспорттау жолға қойылды. 10 айдың өзінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайызға артқан, - деп атап өтті Қуанышбек Ысқақов. 

2015 жылы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына шамамен 9 млн. АҚШ доллары тартылса, 2018 жылы аталмыш 15 млн. АҚШ долларынан асып түскен.

Сыр өңірінің бренді күріш десек, биыл күрішшілер әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, 530,5 мың тонна күріш салысы қамбаға құйылып, осылайша жаңа рекордқа қол жеткізді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы