Қызылорда облысында «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша кәсіпкерлік дағдыларына оқытады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 22 шілдеден бастап оқыту басталады, деп хабарлайды Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жоба қала және аудан тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына оқытуға бағытталған. Тұрғындар арасынан NEET категориясындағы жастар (29 жасқа дейінгі), жас отбасы мүшелері, аз қамтылған көпбалалы отбасы мүшелері, аз қамтылған еңбекке қабілетті мүгедектер оқытылады.

Жобаға қатысу үшін тестілеуден өту қажет, соның қорытындысы бойынша топқа іріктеу жүргізіледі. Қызығушылық танытқандар өңірлік кәсіпкерлер палатасының қалалық, аудандық филиалдарына, тұрғындарды жұмыспен қамту орталықтарына, ауылдық округ немесе елдімекенге, қала әкімдігіне жүгіне алады, сонымен бірге өтініш пен сауалнама толтыру қажет.

Өзімен бірге жеке куәліктің көшірмесі, мекенжай анықтамасы, өтініш, үлгіге сәйкес толтырылған сауалнама парақшасы болуы керек.

«Оқу ұзақтығы – 3 апта. Бірінші кезең бойынша тестілеу 22-23 шілдеде өтеді. Оқыту 24 шілде – 9 тамыз аралығында жүргізіледі.Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы төленеді және курс бітірушілеріне сертификат беріледі»,-делінген хабарламада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы