Қызылорда облысында такси қызметіне тыйым салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысында төтенше жағдай талаптарын ескермейтіндер қатары азаятын емес, деп хабарлайды 24.kz.

Облыстық прокуратураның мобильдік тобы 1 күндік рейд барысында осындай 29 дерек тіркеген. Жалпы төтенше жағдай жарияланғалы 91 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 58-і сотпен қаралып, 25-і әкімшілік қамауға алынса, 33-не әкімшілік айыппұл салынған.
Коронавирустың қарқынды таралуына байланысты Қызылорда қаласында такси қызметіне де уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ қала, ауданаралық автокөліктердің қатынасы да тоқтатылды. Бұл облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде коронавирустың таралуына тосқауыл қою мақсатында қолға алынып отырған шаралардың бірі. Әзірге бұл шектеу шарасының мерзімі 14 күнге белгіленген. Ал қоғамдық көліктер жұмысын жалғастыра береді. Тек уақытына шектеу қойылып отыр. Санитарлық, дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, таңғы сағат 6-дан кешкі 20.00-ге дейін жолаушы тасымалдауға рұқсат бар.

Моншалардың жұмыстары, автожуу бекеттерінің жұмысы да толығымен тоқтатылады. Қазір әрбір қала, аудан әкімдері жеке дара шешім қабылдайды. Мысалы, Жаңақорған кентінде осындай карантиндік режим енгізілді. Өмірлік тіршілікті қамтамасыз ету объектілері, авариялық қызмет, басқа қызметтерден, сонымен қатар азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдайтын қызметтерден басқа көліктердің барлығына тыйым салынған, - деп мәлімдеді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы