Қызылорда облысында кенеге қарсы күрес жұмыстары басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда өңірінде конго-қырым геморрагиялық қызбасының ошағы болуы мүмкін деген 117 елді мекен анықталды, деп хабарлайды "Хабар 24".


Қазір сала мамандары сол маңдарды зарарсыздандыруға кірісті. Бұл мақсатқа жергілікті және республикалық бюджеттен 244 миллион теңге бөлінген. 

Жыл басынан бері аймақта елуден астам адамды кене шаққан. Соның бірі өзін жайсыз сезініп, бірнеше күн бұрын Қармақшы аудандық ауруханасына жатқызылыпты. Алғашқы сынама нәтижесінде конго-қырым геморрагиялық қызбасы жоқ екені анықталған. Дегенмен мамандар тиісті ем шаралардан кейін екінші мәрте сынама алмақ. Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық.  

Жыл сайын эпидемиолог мамандар өңірдегі конго-қырым қанды қызбасының ошақтарын анықтайды. Соның нәтижесінде кенелерге қарсы кешенді күрес жүреді. Бірер күн бұрын зарарсыздандыру жұмыстары Сыр өңірінің оңтүстігінен басталды. Бүгінде Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында кенеден келетін кеселдің алдын алу шаралары жалғасуда.
Әр ауылға барамыз, сол ауылда мамандары бар. Солар күтіп алып, өздері қадағалайды. Бір көшеде 2 машина жүреміз. Біреуі кіріп малына дәрі шашады, артынан мен қорасына шашамын. 4 техникада 8 адамбыз, жобамен 200 үйдей істелді, – дейді мердігер мекеменің өкілі Ғалым Әділханов. 

Мамандардың айтуынша, жалпы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары көктем және күз мезгілінде араға 10 күн салып 2 реттен жүргізіледі. Зиянкестер препаратқа бой үйретіп алмау үшін әр маусым сайын дәрі түрін ауыстырып тұруға тура келеді екен.
Кестеге сәйкес зарарсыздандыру жұмыстары 6 сәуірде басталуы керек болса, күн салқын болуына байланысты температура 18 градустан төмен болып отырды, сондықтан 17 сәуірден бастап қолайсыз елді мекендер аймағында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңдеу, зарарсыздандыру жұмыстарына 5 пайызды "Креолин" дәрі-дәрмегімен жүргізілуде, – дейді тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бас маманы Жәмиля Өтепова.

Сонымен қатар мамыр айында облыстың солтүстік аудандары қамтылады. Дезинфекциялық жұмыстар негізінен төрт түлікке, мал қоралары, буферлік аймақтарда және санитарлық қорғаныс белдеуін құру мақсатында жүргізіледі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы