Тікұшақ апаты: 13 әскери қызметші қаза тапты

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, 13 адам қаза қапты.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 наурызда әскери борышын орындау барысында ҚР ҚК тікұшақ құлап, 13 әскери қызметші қаза тапты.

«Қазақстан Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамы әскерилердің туыстарына, жақындарына қайғырып, көңіл айтады. Қорғаныс министрлігі тарапынан моральдық және материалдық көмек көрсетіледі», - делінген министрлік таратқан мәліметте.



Айта кетейік, 2019 жылдың 27 наурызында «Айбалта – 2019» оқу-жаттығу жоспары бойынша ұшып бара жатқан Ми-8 (28) тікұшағы апатқа ұшырады. Оқиға Жалағаш кентінен 30 шақырым қашықтықтай жерде, Шекелі каналының маңында болған. Сондай-ақ, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау – Бейнеу – Крайний – Шымкент бағыты бойынша ұшқан еді. Оқиға болғаннан кейін Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің өрт сөндіру командалары жедел жеткен.

Қызылорда облыстық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақовтың айтуынша, тікұшақ құлаған жерге 4 жедел жәрдем бригадасы барған.



«Қазіргі таңда мәйіттерді анықтау жұмыстары жалғасуда», – деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығына сәйкес, ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылды және ол оқиға орнына аттанған. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, әуе апатының себеп-салдарын анықтау мақсатында тергеу бастады.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскерилердің жақындарына көңіл айтқан болатын. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы