Қызылорда облысында 28 ауылға тұщы су тартылуда
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының 28 елді мекенін тұщы сумен қамтамасыз ететін «Талап-Сырдария» топтық су құбыры жүргізілуде.
Бесарық бекетіне 15 шақырым жерде орналасқан жер асты тоғанында 8 ұңғыма бұрғыланды. Сыйымдылығы 500 текше метр болатын 2 су қоймасы мен «Аквахлор» реагенттік шаруашылығы салынды. Сондай-ақ, №3Т сорғы стансасының ғимараты, су сақтайтын қойма және тұрғын үй құрылысы жүргізілді.
Сырдария өзенінің астынан төрт құбыр өткізіліп, Көктөбе, Қалғансыр, Қандөз, Қаратөбе, Қашқанкөл, Аққорған, Келінтөбе, Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Әбдіғаппар, Байкенже, және Билібай елді мекенін сумен қамтамасыз етеді.
«Талап-Сырдария» топтық су құбырының құрылысы 2014 жылы басталды. Тиісті қаражат бөлініп, игерілуде. Бағдарлама негізінде магистральдық су құбырының 227,1 шақырымы төселді. Жобада қарастырылған ауылдардың ішіндегі үйлерге өткізілетін су құбырларының өзі 21,18 шақырымға тартылды. №3С және №4С топтық сорғы стансалары салынды. Көктөбе, Қандөз, Қожакент, Өзгент, Абдіғаппар, Байкенже елді мекендерінде сорғы стансалары мен су қоймалары салынып, су мұнаралары орнатылды. Су құбырларын қалыпты жағдайда ұстау үшін жөндеу-механикалық шеберхана құрылысы салынды.
«Арал СЖКБД» Жаңақорған топтық су құбырының басшысы Ғани Шерниязовтың айтуынша, жобада қаралған Көктөбе, Қандөз, Қашқанкөл, Қалғансыр, Қожакент, Өзгент, Ақсуат, Әбдіғаппар, Билібай, Байкенже, М.Нәлібаев, Жаңарықтың су желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды. Сондай-ақ, биылғы жылы су шығынының есебін автоматты түрде жүргізу құрылғыларының жұмыстары атқарылмақ. Нысанның құрылысын 2019 жылы толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Ғани Шерниязовтың мәлімдеуінше, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы «Талап топтық су құбырының құрылысы» нысанының жалпы сметалық құны 5 929,185 млн тенге болады. Ал, құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны – 5 869,893 млн теңгені құрайды. Жоба бойынша Жаңақорған ауданының Қаратау бөктеріндегі Шалқия кенті, Құттықожа, Бірлік, Қыраш, Қосүйеңкі, Манап, Бесарық, Кеңес, Кейден және Талап, Аққұм, Бесарық бекетін қоса есептегенде, барлығы 12 елді мекен сапалы ауыз сумен бір орталықтан қамтамасыз етілетін болады.
«Ауқымды нысанның құрылысы 2014 жылы басталды. 2017 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары Комитеті мен «Қазсушар» кәсіпорны арасында құрылысты жалғастыруға келісімшарт рәсімделді. Қазіргі таңда құрылыс басталғалы бері құрылыс жұмыстарының 3 630,284 млн. теңгесі игерілді. Бұл сомаға №3Т сорғы станциясынан Бірлік елді мекеніне дейін диаметрі 250 мм екі желілік 39,2 шақырым магистралдық құбыр салынды. 2019 жылы диаметрі 100-200 мм 31,6 шақырым магистралдық су құбырын аяқтау жоспарланып отыр. Осы сорғы станциясынан Кеңес елді мекеніне дейін жобада қаралған екі желілік 24,11 шақырым магистралдық құбыры толығымен салынды. №2Т сорғы станциясынан Кейден елді мекеніне дейін жобада қаралған екіжелілік 75,2 шақырым магистралдық құбыры және толық төселді. №2Т сорғы станциясынан №3Т сорғы станциясына дейін жобада қаралған 24,34 шақырым магистралдық құбыр құрылысы толық аяқталды. Магистралдық су құбырынан Аққұм, Талап, Бесарық бекеті және Бесарық елді мекеніне баратын 4,2 шақырым бұру құбырлары салынды, – дейді «Арал СЖКБД» Жаңақорған топтық су құбырының басшысы Ғани Шерниязов.
Жауапты маманның сөзінше, Аққұм стансасында сорғы стансасы салынды. Сиымдылығы 50 текше метр су мұнарасы орнатылды. Сиымдылығы 50 текше метр 2 су қоймасы салынды. Аққұм стансасына 8,51 шақырым кентішілік су құбырлары жеткізілді. Осы маңдағы жөндеу пайдалану аумағының құрылысының жөндеу-механикалық шеберханасы құрылысы жүргізілуде. Өндірісті Шалқия елді мекенінде жобада 17,36 шақырым кентішілік су құбырларының құрылысы қаралса, қазіргі таңда оның 2,35 шақырымы салынды. Шалқиямен іргелес Құттықожа елді мекенінде жобада 21,22 шақырым кентішілік су құбырларының құрылысы қаралса, қазіргі таңда оның 12 шақырымы салынды. Бесарық елді мекенінде жобада 31,32 шақырым кентішілік су құбырларының құрылысы қаралса, қазіргі таңда 29,97 шақырымы толығымен аяқталды. Манап елді мекенінде жобада 5,84 шақырым кентішілік су құбырларының құрылысы қаралса, қазіргі таңда 3,51 шақырымы, Кеңес елді мекенінде 21,7 шақырым кентішілік су құбырлары салынды. Нысанның құрылысын 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
«Біздің бір ұтып отырғанымыз, Қызылорда облысы бойынша барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бір ғана кәсіпорынға – «Қазсушар» РМК-ның «Арал» СЖКБД филиалына жүктелген. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталған Талап топтық су құбыры мен Сырдария топтық су құбыры құрылыстарын бастап кетті. Қазір Сырдария топтық су құбырының құрылысы толығымен аяқталып, сынағы сәтті өткізілді. Биылғы бірінші жарты жылдықта пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Талап топтық су құбырына қосылатын елді мекендердің ішіне құбырлар кіргізіле бастады. Бұл құбырларды әрбір үйге дейін жеткізіп беруді осы кәсіпорын жүзеге асырады», – дейді Жаңақорған аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Есдәулет Сейілов.