Қызылорда: Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген азаматтар толық тексеруден өткізіледі
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сыр өңірінде 4 медициналық бақылау бекеті қызметін бастады.
Елде төтенше жағдай жариялануына байланысты Қызылорда облысында бүгіннен бастап Ақтөбе, Түркістан, Жезғазған бағыттары бойынша 4 медициналық бақылау бекеті жұмыс істеп жатыр. Тиісті сала қызметкерлері өңірге келіп-кететін көліктерді тоқтатуда. Жүргізушілердің, жолаушылардың денсаулығын тексеруде. Сақтық үшін олар туралы мәлімет жинақталады.
Бұл бекеттерде облыстық денсаулық сақтау басқармасы, полиция департаменті, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандары күшейтілген режімде қызмет атқарады.
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов 4 бекеттің бірінде – "Қызылорда - Павлодар" жолына қойылған медициналық-бақылау бекетінде болып, жұмысымен танысты. Аймақ басшысына Қызылорда қаласының әкімі мен полиция департаментінің бастығы бекеттердің жұмысын, төтенше жағдайға байланысты басқа да атқарылған істерді баяндады.
Өңір басшысы Қуанышбек Досмайылұлы Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан келген азаматтарды осы бекет арқылы толық тексерістен өткізіп, жеке мәліметтерін арнайы анкетаға жазып алуды тапсырды.
Мемлекет басшысының барлық тапсырмасы дер кезінде, мүлтіксіз орындалуы қажет. Сонымен бірге, азық-түлік сататын сауда орындарынының тазалығы талапқа сәйкес болуы керек. Залалсыздандыру құралдарына, бетперделерге баса мән беріңіздер. Тамақтанатын орындар кешкі сағат 10:00-ге дейін, ал мейрамханалар жұмысын мүлдем тоқтатуы тиіс, – дейді Қуанышбек Ысқақов.