30 Қыркүйек 2026, 13:22 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Юрий Ли: Бұқаралық ақпарат құралдары алаяқтарды жарнамалап отыр

Депутат қазақстандық БАҚ-та жалған инвестициялық жобалардың жарнамасын тоқтатуды ұсынды.

Құрылтай депутаты Юрий Ли Бас прокурор Берік Асылов пен Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа депутаттық сауал жолдап, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында жалған инвестициялық жобалардың жарнамасын таратуға тосқауыл қоюды сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазақстандық БАҚ-тың интернет-ресурстарында өзін инвестициялық брокер ретінде таныстыратын, алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) немесе «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензиясы жоқ шетелдік интернет-жобалардың жарнамасын жариялау жүйелі сипат алған. Мұндай материалдар әлеуметтік желілермен қатар, өңірлік және салалық басылымдардың сайттарында да орналастырылады. Олар көбіне «пікір», «шолу» және «сараптамалық материал» түрінде ұсынылып, оқырманға тәуелсіз журналистік ақпарат ретінде көрінеді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы жүргізген мониторинг нәтижесінде 2023-2026 жылдар аралығында Қазақстанның 51 интернет-ресурсында 48 жоба туралы 168 жарияланым анықталған. Қаржы нарығын мемлекеттік реттеу туралы заңнамада тиісті лицензиясыз қаржы нарығында қызмет көрсетуге жол берілмейтіні нақты белгіленген. Алайда жарияланған материалдарда лицензияның бар-жоғы, оның нөмірі және оны берген орган туралы мәліметтер көрсетілмеген, - деді ол.

Депутаттың пікірінше, бұл жекелеген жағдай емес, заңмен белгіленген қаржылық реттеу аясынан тыс жұмыс істейтін тұлғалардың қаржылық қызметтерін ілгерілететін материалдарды жаппай жариялау мәселесі.

Оған Industrial Trading жобасын мысал ретінде келтіруге болады. Бұл жоба ҚНРДА-ның жосықсыз қызмет белгілері бар ұйымдар тізіміне енгізілген. Соған қарамастан, agroinfo.kz және Oskemen.info сайттарында «Industrial Trading туралы пікірлер: сенім артуға болатын брокер» деген тақырыптағы материалдар әлі де жарияланып тұр.

Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің ресми сайтында Industrial Trading брендін пайдаланып жасалған қылмыстарға қатысты тергеулер туралы ақпарат бірнеше рет жарияланған. Атап айтқанда, азаматтарды осы схемаларға тарту және оларға мүліктік залал келтіру деректері айтылған.

«Қаржы нарығын реттеуші мен құқық қорғау органдарының назарына іліккен ұйымды ілгерілететін материалдар неліктен қазақстандық интернет-ресурстарда әлі де таралып жатыр?» деген сауал қойды депутат.

Оның айтуынша, 2026 жылы бұл мәселе шешілмегенімен қоймай, одан әрі өршіп отыр. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында осындай қызмет белгілері бар төрт жоба туралы кемінде 19 жарияланым анықталған.

Атап айтқанда, NTXPrime жобасы Ұлыбританияда тіркелген NTXPRIME UK Limited заңды тұлғасы арқылы жұмыс істейтінін мәлімдеген. Алайда бұл компания Ұлыбританияның заңды тұлғалар тізілімінде де, қаржы реттеушісі – FCA тізілімінде де жоқ. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, клиенттердің төлемдері жеке тұлғалардың банк карталарына, яғни дропперлердің шоттарына аударылған.

GlobalReachОut пен Blu-Alliance жобалары да қаражат тартудың осыған ұқсас үлгісін пайдаланады.

Ал JPM Analytics жобасы Freedom Finance Europe Ltd. арқылы жұмыс істейтінін мәлімдеген. Дегенмен Freedom Finance компаниясының қолдау қызметі аталған жобаның мақұлданған агенттер тізімінде жоқ екенін хабарлаған.

«Жарнама туралы» заңға сәйкес, жарнама беруші, жарнама жасаушы және жарнама таратушы жарнама қатынастарының дербес субъектілері болып саналады. Сондықтан жарнама берушінің шетелдік болуы ел аумағында жарнаманы тарату кезінде заң талаптарының сақталуын тексермеуге негіз бола алмайды.

Осыған байланысты депутат уәкілетті органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан тиісті әрі жедел әрекет етудің жоқтығына алаңдаушылық білдірді.

Осы ретте «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауалда баяндалған барлық деректер бойынша кешенді тексеру жүргізуді және мұндай жарнамаларды жедел анықтап, жолын кесу үшін салалық әрі құқық қорғау органдарының тұрақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді сұрады.