Юрий Ильин: Академия мәртебесін алу – жоғары оқу орны қызметінің лайықты бағалануы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына барды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің төрағалығымен ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Шара жоғарғы оқу орнынына академия статусы берілуіне арналды.

Онлайн форматта өткен жиынға қоғам қайраткерлері, Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы және ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері бейне байланыс арқылы қосылды.


Өз кезегінде Юрий Ильин академия ұжымын жаңа жетістігімен құттықтады.

Академияға атақты майдангер, Кеңес Одағының батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ақмола облысының тумасы Мәлік Ғабдуллиннің есімін беру туралы шешім - еліміз үшін, әсіресе, көкшетаулықтар үшін тарихи оқиға. Академия мәртебесін алу - ұжымдық жетістіктердің нәтижесі және жоғары оқу орны қызметінің лайықты бағалануы, - деп атап өтті министр.

Іс-шара аясында Орталық алаңда Мәлік Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қатысушылар Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткерін бір минут үнсіздікпен еске алды.


Салтанатты рәсімнен кейін академияда күндізгі оқу факультетінің курсанттары дипломдарын қолына алды. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өз қатарына 136 жас офицер-құтқарушыны қабылдады. Академия халықаралық келісімдерге сәйкес Қырғызстан Республикасы ТЖМ үшін де мамандар даярлайды. Осылайша Қырғызстаннан келген 3 түлек те алғашқы дипломдарын алды. Түлектерге «азаматтық қорғау лейтенанты» арнаулы атағы және «лейтенант» әскери атағы беріледі. Олардың барлығы жұмысқа орналастырылды және төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелеріне жіберіледі.

ЖОО құрылғаннан бері 5000-ға жуық маман даярланды, оның ішінде 132 түлек үздік диплом алды. Олардың көпшілігі бүгінде басшылық лауазымдарда қызмет етеді.


Бүгінгі таңда оқу орны 4 білім беру бағдарламасы бойынша білікті мамандарды даярлайды. Атап айтқанда, «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық» және «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі». Сондай-ақ «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша қашықтан оқыту жүргізіледі.

Курсанттар мен офицерлер тек Ақмола облысының аумағында ғана емес, бүкіл республика бойынша ТЖ жоюға белсенді қатысады.

2022 жылдан бастап «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша магистратураға алғашқы қабылдау жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы