Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдер жинағының тұсаукесері өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жыл ЮНЕСКО және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған тарапынан өмірден озғанына 700 жыл толған, түрік тілінің ең көрнекті тұлғаларының бірі Юнус Эмре жылы болып жарияланды.

Юнус Эмре – Анадолы жұртында Яссауидың мектебін жалғастырушы ақын, өлеңдерін Яссауи жолымен түсіндіріп жазған. Өлеңдерінің идеясы адамзатты сүюге, ақиқатқа, сабырға, яғни адамзаттық құндылықтарға үндейді.

Осы айтулы оқиғаға орай Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы мен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр Сұлтан филиалы «Юнус Эмренің таңдамалы өлеңдері» атты кітапты қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығарды. Кітап түрік  профессор Эрдоған Боз дайындаған мәтінді негізге ала отырып аударылды. Ақынның 13-14  ғасырларда жазған «Насихаттар кітабы» және «Диуан» жинағының 72 өлеңін Эрдоған Боз қазіргі түрік тіліне ыңғайлап мәтін түрінде дайындап шықты.

Аталған мәтінді жолма-жол Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының директорының міндетін атқарушы Ph.Dr. Алмагүл Исина қазақ тіліне аударды. Ал 19 қазақ ақыны осы мәтінді өлеңге айналдырды. Диуан жинағы – Юнустың ақындығының шыңы деп саналады. Жарық көрген кітапта қазақша аударма мен 13-14 ғасырлардағы түрікше түпнұсқасы бірге ұсынылған.

Жазушылар Одағы Нұр Сұлтан филиалы төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы Юнустың кітабының аудармасына байланысты ойларын бөлісті.

Юнус Эмре жылына байланысты Түркияның Юнус Эмре институты мен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп, Юнустың 72 өлеңін қазақ тіліне аударып, кітап етіп басып шығарды. Бұл жобаға Қазақстанның ең талантты 19 жас ақын  аудармашысын қатыстырдық. Себебі жаңа ақындар, жас ақындар- қазіргі Европаның да, Батыстың да, Шығыстың да өлең өрнегін білетін ізденімпаз, бүгінгі әдебиетке өзіндік қолтаңбасымен келген ақындар. Юнус Эмре жырларының аудармасына ерекше өрнек береді деп ойладық, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Сондай-ақ ол ақындарға жұмыс процесінде өлеңнің өзінің түп мағынасынан, қазығынан ауытқымайтындай етіп аудару туралы ұсыныс жасағанын айтты.

Қазақ ақындарының ішінде Юнустың жырларын ертеден аударып жүрген айтулы шайырларымызды Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, өткенде ғана Юнустың жырларын жеке кітап қылып шығарған Светқали Нұржанды атап өтуге болады. Бұл кісілердің аудармаларының орны бөлек. Дегенмен жастардың жаңаша көзқарасын Юнустың жырларында танығымыз келді.  Юнус Эмренің 72 өлеңін 13 ғасырдағы түрік тілінен қазіргі заманғы түрік тіліне профессор Ердоған Боз аударған. Ақындарға жұмыс процесінде өлеңнің өзінің түп мағынасынан, қазығынан ауытқымайтындай етіп аудару туралы ұсыныс жасадық. Біздің 19 ақынымыз өлеңдерді тамаша етіп аударып берді, – деді Кәпұлы.

Ақынның пікірінше, Түркі дүниесіндегі түрік шайырлардың жырлары әрбір елге ортақ екенін айтты.

Бұл – Қазақстан Жазушылар одағының Нұр Сұлтан қаласы филиалы мен Юнус Эмре институтының бірлескен жобасы. Жалпы Түркі дүниесіндегі түрік шайырлардың жырлары әрбір елге ортақ. Сондықтан олар бір-бірлеріне үлкен әсерін тигізеді, әрі халықтың шығармашылығына, бүгінгі жастардың әдебиетке деген жаңаша көзқарасына әсер етеді деген ойдамыз, – деді Дәулеткерей Кәпұлы.

1000 дана жарық көрген Юнустың таңдамалы өлеңдері жинағы Қазақстанның облыс орталығындағы барлық кітапханалар мен университеттерге, ақындар мен жазушыларға  тарту етіледі.

Кітаптың тұсаукесері 11 наурыз күні  сағат 15.00-те Нұр Сұлтан қаласында ҚР Ұлттық академиялық кітапханада өтеді. Шараға ақын, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, дипломатиялық миссия өкілдері қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы