ЮНИСЕФ жаңа оқу жылында қазақстандық мектептерді ашуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ЮНИСЕФ жаңа оқу жылында барлық мектепті ашуды ұсынды. Бұл туралы Үкімет отырысында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Артур ван Дизен мәлімдеді.

ЮНИСЕФ санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жаңа оқу жылында барлық мектептерді ашуды ұсынады. Мектептер соңғы кезекте жабылуы керек. Сондай-ақ бірінші болып ашылуы қажет, - деді ЮНИСЕФ өкілі.

Артур ван Дизен атап өткендей, пандемия кезінде мектептердің жабылуына байланысты әлемде әрбір үшінші оқушының (463 млн бала) қашықтықтан білім алуына мүмкіндігі болмаған және Қазақстан балалары да осылардың қатарында.

Білім министрлігі бұл салдарды азайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігін мойындайды. «ЮНИСЕФ Қазақстан» оқытудағы кемшіліктерді анықтау үшін мониторинг жүргізуді ұсынады, - деп түсіндірді Артур ван Дизен Үкімет отырысында.

Сонымен қатар оның нәтижелері бойынша жеке тәсіл негізінде оқушылардың білімін қалпына келтіру бағдарламаларын қалыптастыру және тестілеу ұсынылады.

Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысы осындай бағдарламаларды әзірлеуге көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы