ЮНИСЕФ: Газада 100-ден астам бала қаза тапты
Газа секторында 2025 жылғы қазанда қол жеткізілген атысты тоқтату режиміне қарамастан 100-ден астам бала қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Одан бөлек, 100 мың бала әлі күнге дейін тойып тамақ ішпеудің салдарынан зардап шегіп отыр.
Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) гуманитарлық қызмет жөніндегі атқарушы директор орынбасары Тед Чайбан Газа секторына және Иордан өзенінің батыс жағалауындағы оккупацияланған аумақтарға жасаған сапарының қорытындысы бойынша мәлімдеді.
Чайбан атысты тоқтату режимі енгізілгеннен кейін бір миллионнан астам баланың өмір сүру жағдайында жақсарған тұстарды көргенін айтып, сонымен бірге өзінің бойында үміт те, алаңдаушылық та қатар бар екенін жеткізді.
Ол гуманитарлық көмектің Газаның ішіне жетіп жатқанын, алайда оның көлемі халықтың аса ауқымды қажеттіліктерін өтеуге әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті.
Чайбанның айтуынша, көптеген ауданда азық-түлікке қол жеткізу жақсарып, екі жылдан астам уақыт еркін ойнай алмаған балалар қайтадан ойыншыққа қол жеткізген.
Оның сөзінше, 1,6 млн-нан астам адам таза ауызсумен қамтылды, ал өңірдің 700 мың тұрғынына көрпелер мен қысқы киімдер таратылған.
Сондай-ақ Чайбан Газа секторындағы "Аль-Шифа" ауруханасында балалардың жансақтау бөлімінің қайта жұмысын бастағанын және көптеген балаға вакцина егілгенін айтты.
Атысты тоқтату болғанымен, балалар өлімі азаймай тұр
Сонымен қатар Чайбан 2025 жылғы қазанда басталған бітімге қарамастан, Газада 100-ден астам бала қаза тапқанын, ал шамамен 100 мың бала әлі де тойып тамақ ішпеуден зардап шегіп отырғанын ерекше атап өтті.
Ол көптеген отбасы шатырларда немесе қираған ғимараттарда тұруға мәжбүр болғандықтан, 1,3 млн-нан астам адамға лайықты баспана қажет екенін айтты. Мұндай жағдайда адамдар нөсер жауынға, қатты желге және қақаған суыққа төтеп беруге мәжбүр.
Чайбанның пайымдауынша, қыс басталғалы бері кемінде 10 бала үсіп қайтыс болған.
ЮНИСЕФ өкілінің сөзінше, 2023 жылғы қазаннан бері Газада мектеп жасындағы 700 мыңнан астам бала күндізгі оқудан қағылып отыр. Осыған байланысты ЮНИСЕФ балаларды мектепке қайта қайтару бойынша ауқымды науқан бастауды жоспарлап отыр.
Чайбан Газадағы атысты тоқтату режимін сақтап, әрі қарай ілгерілетудің қажет екенін айтып, бітімнің екінші кезеңін гуманитарлық тұрғыдан аса қажетті қадам деп атады.
Ол ЮНИСЕФ-тің Израиль билігіне гуманитарлық көмек пен коммерциялық жүктерді жеткізу үшін қосымша бағыттар ашуды талап етіп жүгінгенін, сондай-ақ қыс мезгіліне бейімделген шатырлар мен анағұрлым берік уақытша баспаналарға деген мұқтаждық өте жоғары екенін айтты.
Бұдан бөлек, Чайбан балалардың оқуын жалғастыра алуы үшін мектептерді, су жүйелерін және электр желілерін жөндеу қажеттігін мәлімдеп, Газаны басқару жөніндегі Ұлттық комитеттің маңызын да ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, комитеттің толыққанды жұмыс істеуі және оған көрсетілетін қолдау жағдайды өзгертуге нақты мүмкіндік береді.
Бізде осы балалардың тағдырын өзгертуге мүмкіндік бар. Біз оны қолдан шығарып алмауымыз керек, – деп түйіндеді ЮНИСЕФ өкілі.