ЮНИСЕФ: Газа секторында балалар аштықтан қырылып жатыр

ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанына қарамастан, Газа секторында балалар шабуылдар мен суықтың салдарынан әлі де қаза тауып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Джеймс Элдердің мәліметінше, Газа ауыр күндерді бастан кешіруде.

Сыртта дауылды жел соғып тұр. Шатырлар құлап жатыр. Қатты жаңбыр жауып, балалар су болып қалды, жылыну мүмкін емес. Біз осындай жағдайда екі жарым жылдан бері өмір сүріп келеміз. Әңгіме тамақтану мәселесі бар, иммундық жүйесі әлсіреген отбасылар туралы болып отыр, – деді ол.

Оның сөзінше, атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін белгілі бір ілгерілеу байқалған: Газа секторының солтүстігінде ЮНИСЕФ-тің білім беру орталығы ашылып, эксклавтың әр өңірінде медициналық орталықтар жұмысын бастаған.

Алайда Элдер мұның жеткіліксіз екенін атап өтті.

Газада екі жарым жыл бойы бастан өткерілген жағдайды ескерсек, қаржыландыру әлі де жеткіліксіз. (Израиль) билігі негізгі дәрі-дәрмек пен отбасыларға ас дайындауға қажетті газдың жеткізілуін әлі де шектеп отыр, ал балалар қаза табуын тоқтатқан жоқ. Атысты тоқтату жарияланған сәттен бері 100 қыз бен ұл көз жұмды. Яғни бітім кезінде күн сайын орта есеппен бір қыз немесе бір ұл қаза тауып отыр. Демек, атқарылар жұмыс өте көп, ал егер осы бітім шарттары қатаң сақталса, қажетті қадамдардың көбі аса күрделі емес, – деді ЮНИСЕФ өкілі.

"Біз бұрын-соңды болмаған қираумен бетпе-бет келіп отырмыз"

Элдер Газада гуманитарлық көмектің жеткіліксіз екенін айтып, эксклавтағы отбасылар әлі де ауыр қиындықтарды бастан өткеріп жатқанын жеткізді.

Бізге ең сапалы шатырлар қажет. Бұл отбасылардың үйлері болған. Төрт қабырғасы бар, ыстық суы бар үйлер еді. Егер бітім кезінде баланың күнін қалай бастау керектігін ойласақ, ол ең алдымен қауіпсіз жерде ұйықтауға тиіс. Жылы жерде жатуы керек. Таңертең ыстық сусын ішіп, аздап тамақтанып, мектепке баруы қажет. Ал қазір балалар осы бес қажеттіліктің тек бір-екеуіне ғана қол жеткізіп отыр, – деді ол.

Сондай-ақ Элдер палестиналықтардың су құбыры мен кәріз жүйелерін қалпына келтіру үшін үлкен күш салып жатқанын, көптеген нысанның қайта салынып жатқанын айтты.

Біз бұрын-соңды болмаған ауқымдағы қирауды көріп отырмыз. Физикалық және психологиялық зардаптан бөлек, ауруханалар, мектептер мен үйлер қираған. Сондықтан әлдеқайда көп жұмыс істеу қажет, ал бұл шектеусіз көлемде гуманитарлық көмектің жеткізілуінен басталуға тиіс, – деді ол.

Пайымдауынша, ЮНИСЕФ шамамен 150 мың баланың мектепке қайта оралуына мүмкіндік берген, алайда қазір әр бес баланың тек біреуі ғана оқуға бара алады.

Гипотермиядан 7 бала көз жұмды

Элдер Газа секторындағы қатты суыққа да назар аударды.

Адамдар мұндағы ауа райының қаншалықты суық екенін ұмытып кеткендей. Шын мәнінде мұнда өте суық әрі желді, жағалауда орналасқандықтан ылғалды да. Бүгін күні бойы желдің жылдамдығы сағатына 30–40 шақырымға жетті. Қатты жаңбыр жауып, сүйектен өтетін суық болды. Қалай жылынуға болады? Балалар қалай жылынады? Еске салайын, Газа тұрғындары екі жыл бойы қолдан жасалған аштық пен тамақ тапшылығын бастан өткерді. Олардың иммундық жүйесі қатты әлсіреген, – деді ол.

ЮНИСЕФ өкілі Газа секторында гипотермия салдарынан жеті баланың қаза тапқанын еске салды.

Өткен аптада тағы да бірнеше баладан айырылдық. Бұл жағдай екі жарым жыл бойы, әсіресе қыстың қақаған кезінде шатырда өмір сүрудің қаншалықты ауыр екенін көрсетеді, – деді Элдер.

Ол Израильдің Газада кейбір үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне тыйым салу туралы шешімінің салдары шамамен бір айдан кейін ерекше сезілетінін айтып, бұл онсыз да ауыр жағдайды одан әрі үмітсіз ететініне сенім білдірді.

Элдер халықаралық ҮЕҰ-лар, соның ішінде «Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) ЮНИСЕФ үшін аса маңызды серіктестер екенін атап өтті.

Айтуынша, MSF сияқты ұйымдар ауруханалық шатырлар орнатумен қатар, палестиналықтарға медициналық және психологиялық көмек көрсетіп келеді.

ЮНИСЕФ өкілі ұйым өкілдері израильдік билікпен гуманитарлық көмектің көлемін арттыру мақсатында келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, атысты тоқтату күшіне енгеннен кейін ЮНИСЕФ Газадағы аймаққа арналған гуманитарлық жүктің 75 пайызын жеткізген, алайда қажеттілік әлі де жоғары күйінде қалып отыр.

Кейбір негізгі дәрі-дәрмектер мен ас дайындауға арналған газ жетіспейтінін білеміз. Осы өмірлік маңызы бар материалдарды кіргізуге рұқсат алу үшін билік өкілдерімен аптасына екі-үш рет кездесулер өткізіп отырмыз, – деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы