ЮНИСЕФ Алматыда 500 отбасыға азық-түлік таратады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ЮНИСЕФ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Кеңсесімен бірлесіп Алматы қаласында зардап шеккен балалары бар отбасыларға азық-түлік өнімдері мен гигиеналық жиынтықтары бар 500 себет таратады.
Көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті жинақтар берілетін болады.
Сондай-ақ ЮНИСЕФ Алматы қаласының көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға, мүгедек балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көшіп-қонушы балаларға 380 мектеп жиынтығын ұсынады.
Жиынтықтардың 70% мектеп оқушылары, 30% мектеп жасына дейінгі балалар алады. Оқу жинақтарында баланы дамытуға арналған материалдары бар рюкзактар, кітаптар, сурет салуға және шығармашылыққа арналған жиынтықтар болады.
ЮНИСЕФ Қазақстанда болған оқиғалардың, және олардың балалар тыныштығы мен әл-ауқатына қалай әсер еткеніне өкініш білдіреді. Бірінші кезекте көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың тіршілік әрекетін қолдау керек, сондай-ақ олардың білім алуы мен дамуына қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. ЮНИСЕФ Қазақстанда барлық балалар қажетті көмек пен қорғауды алуы үшін тиісті мемлекеттік құрылымдарға қолдау көрсетуді жалғастырады,- дейді Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Артур ван Дизен.
Себеттерді бөлуді үйлестіру Алматы қаласының әкімдігі, Қызыл Жарты Ай Қоғамы және «Родник» ҮЕҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылады.