ЮНЕСКО ғалымдары Павлодардағы тарихи ескерткіштерді зерттеуге кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шетелдік сарапшылар «Ұлы даланың тарихы және мәдениеті» бағдарламасы аясында облыстағы тарихи ескерткіштерді зерттейді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Экспедиция аясында ғалымдар ең алдымен Павлодардағы Марғұлан орталығында болды. Зерттеушілер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. 

Қазір кешенді археологиялық қазба жұмыстары өңірдің бірнеше ауданында қатар жүргізілуде. 

Қимақ-қыпшақ кезеңіндегі көшпенділердің тұрмысы, рухани және материалдық мұралары тыңғылықты зерттелуде. Жуырда орталық жанынан халықаралық «Ұмай» көне технологиялар зертханасы мен «Ақинақ» тарихи әскери реконструкциялау клубы ашылды. Бұл өңір ғалымдарының әлемдік қауымдастыққа паш етер бірегей жәдігерлері мен ескерткшітері көп екенін айғақтайды. 

Сонымен қатар, халықаралық экпедиция Баянауыл ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Сақ қорғандары мен қасиетті жерлерді аралайды. 

Айта кетейік, қазіргі кезде аймақтағы қасиетті жерлер картасына енгізілген 60-тан астам нысанның төлқұжаты әзірленіп, мағлұматтар жүйелендірілді.

Жапонияның Киото университетінің профессоры Токо Фудзимотоның айтуынша, Павлодарда мәдени мұра ретінде маңызды жерлер өте көп.

«Қазақтың тарихы ретінде де өте үлкен рөл ойнаған кісілер осы Баянауыл ауданынан, Павлодар облысынан шыққан. Енді соны зерттеуді жалғастыру қажет деп ойлаймын. Бұл тек Павлодар облысының халқы үшін ғана емес, қазақтар үшін, әлем ғылымы үшін де маңызды», - деді этнограф Токо Фудзимото.  

Бельгиялық әлеуметтік антрополог Анна Мария Вильменоның пікірінше, әлем ғалымдары үшін көшпенділер өркениеті, олардың мәдениеті, тұрмысы, қалдырған мұрасы аса қызық. 

«Ертіс өңірінде бірегей ескерткіштердің барынан хабардармыз. Енді этнография, антропология тұрғысынан зерделеп, өз көзімізбен көргіміз келеді. Менің ойымша, осы өңірде әлемдік деңгейдегі маңызы бар тарихи орындар жетерлік», - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы