Бүгiн 2026, 16:55 Фото: BAQ.KZ архиві/Олжас Адай

Юань әлемдік резервтік валютаға айнала ма?

Шын мәнінде юань күшейіп, долларды ығыстыра ала ма?

Қытай юань валютасының халықаралық аренада рөлін кеңейтуге талпынысы күшейіп барады. Әлемдік резервтік валюталар қатарына ену туралы амбициясы АҚШ долларына тікелей бәсеке тудырып, халықаралық қаржы жүйесінде үлкен сөйлеген мәлімдемелерге түрткі болуда. Шын мәнінде юань күшейіп, долларды ығыстыра ала ма? Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Си Цзиньпиннің жоспары: "күшті валюта"

Қытай президенті Си Цзиньпин юаньді жаһандық резервтік валютаға айналдыру үшін «күшті валюта» құруды көздеп отыр. Ол юань халықаралық саудада, инвестицияларда және валюталық нарықтарда кеңінен қолданылып, жаһандық резервтік валюта мәртебесіне жетуі тиіс екенін атап өтті. Президент бұл пікірін Қытай Коммунистік партиясының жетекші теориялық басылымы Qiushi онлайн журналы арқылы жеткізді.

2024 жылы Си Цзиньпин провинциялық және министрлік билік өкілдеріне сөз сөйлеп, елді жаһандық қаржы державасына айналдыру жолындағы ұзақ мерзімді жоспарларды жариялаған.

Юань халықаралық резерв ретінде шектеулі

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің айтуынша, юань қазіргі таңда халықаралық саудада маңызды рөлге ие бола бастағанымен, әлі де доллар, еуро және фунт стерлинг сияқты негізгі резервтік валюталардан артта қалып отыр. Мысалы, юань сауда валютасы ретінде әлемдік транзакциялардың шамамен 5–6%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш фунт стерлингтің әлемдік операциялардағы үлесімен салыстырғанда шамамен ұқсас, алайда резервтік валюта ретінде қолдану деңгейі әлі төмен.

Юань жалпы өз позициясын күшейтуде. Сауда валютасы ретінде әлемде ол орта есеппен 5–6-орын алады. Кейбір көрсеткіштер кезеңге байланысты әртүрлі болады, шамамен 6–8% деңгейінде. Бұл, мысалы, фунт стерлингпен салыстырғанда, әлемдік транзакциялардың 10–12%-ын құрайтынымен ұқсас, – дейді ол.

Дегенмен, сарапшының айтуынша, қазір юань резервтік валюта деп есептелмейді. Себебі аз елдер юаньде активтер немесе резервтер ұстайды. Қазіргі таңда оны доллар, евро немесе фунт стерлинг сияқты мәртебесі бар валюта деп айту қиын.

Негізгі валюталардың кедергілерін еңсеру үшін көп уақыт қажет, әлемдік жағдай өзгеруі керек. Ең ықтимал сценарий – BRICS елдері өзара түсіністікке келіп, бірлескен немесе надұлттық валютаны шығаруы. Бұл АҚШ үшін үлкен алаңдаушылық тудырады. Трамп бұл мәселені сезімтал қабылдап, BRICS доллар үстемдігін азайтпақ болса, санкциялармен қорқытуға уәде берген еді, – дейді ол.

Олжас Байділдиновтің пайымдауынша, барлық табиғи процестерді ескерсек, келесі 10 жылда юань қазіргіге қарағанда әлдеқайда жоғары мәртебеге ие болады. 

Юаньнің дамуы мен әлемдік экономикадағы орны, Қытайдың халықаралық саудадағы рөлі артқан сайын, валютаның резервтік мәртебесін алу ықтималдығы да жоғарылайды, – деп түсіндірді сарапшы.

Алдағы 10–20 жылдағы болжамдар

Сарапшының пікірінше, юаньнің әлемдік резервтік валюта ретіндегі рөлі алдағы 10–20 жылда ғана айқын көріне бастайды. Бұл үдеріс қытайлық экономиканың халықаралық саудадағы үлесі артқан сайын, сондай-ақ БРИКС елдерінің мүмкіндіктері мен валюталық келісімдері арқылы жылдамдауы ықтимал.

Бұл валюталар әлемде ұзақ уақыт бойы нығайып, әртүрлі елдердің ұлттық банктері өз активтерін сақтау үшін қолданады. Ал қытай юаны негізінен есеп айырысу үшін пайдаланылады, сақтау үшін емес, – дейді Олжас Байділдинов.

Сарапшы юаньнің маңызды рөлге ие болуы үшін кем дегенде 10–20 жыл уақыт қажет екенін айтады. Бұл оның халықаралық саудадағы үлесінің өсуімен тығыз байланысты, себебі Қытай қазіргі таңда әлемнің негізгі экспорттаушысы болып отыр. Бұрын бұл рөлді Германия атқаратын.

Стратегиялық маңыз және ұзақ мерзімді перспектива

Юаньнің әлемдік резервтік валюта ретінде толыққанды орнығуы – ұзақ мерзімді және күрделі процесс. Қазіргі таңда юань халықаралық саудада және қаржы операцияларында рөлін біртіндеп арттырып жатса да, доллар мен еуро сияқты негізгі резервтік валюталардан әлі де айтарлықтай қалыс қалып отыр. Бұл жағдай геосаяси шиеленістер мен экономикалық жүйедегі өзгерістерге қарай алдағы 10–20 жылда ғана түбегейлі өзгеруі мүмкін.

Си Цзиньпиннің бастамасы – бұл тек валюталық сұрақ емес, Қытайдың жаһандық қаржы жүйесіндегі рөлін күшейтуді көздейтін стратегиялық шешім екенін көрсетеді.